Жетінші бекеттен бастап су көзі жоқ

(0 Votes)

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына талқылауға арналған аудандық өңірлік кеңестің отырысын оның төрағасы, «Құбашев Е» асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев жүргізді.

Отырысқа «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Руслан Сиражев, «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалының өкілі Гүлнар Сабирова қатысты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Зәмзәгүл Карсакова Жолдаудың негізгі бағыттарына қысқаша тоқталып, үлкен, нақты кешенді шаралар қамтылғанын, халық айтып жүрген көптеген мәселелер Президент назарынан тыс қалмағанын жеткізді. Сонымен қатар, соңғы жылдары әйел адамдар арасында ажырасушылық көбейіп отырғанына қынжылыс білдірді.

Мұның себебі масылдықта жатқанын айтты. Аудандық өңірлік кеңестің төрағасы Есболат Құбашев: – Жолдауды өзім жақсы қабылдадым. Осы қалай деген, айта алмай жүрген мәселелер қозғалды. Өкінішке орай елімізде, ауданымызда қайта өңдеу мәселесі кенжелеп қалған. Малдың еті стандартқа сай келмейтіндіктен шетке шығара алмаймыз. Президентіміз ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын жолға қою мақсатымен жақында Қытайда, Еуроодақта, Вьетнамда болды. Осының бәрін ел дамуы үшін жасап жатыр. Ауыл шаруашылығын өз деңгейінде пайдалана алмай отырғанымыз рас. Бізде оған мүмкіндіктер бар, – деп субсидия жұмыс жасап, өнім өндіретіндерге берілуі керектігін алға тартты.

Келесі кезекте аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах қыр өңірінде су көздерін анықтау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар, құдық қазғаны үшін берілетін субсидиялар, жер асты суларын зерттеу барысы туралы қысқаша хабарлама жасады. Айтуынша қыр бойындағы шаруа қожалықтары 2018-2021 жылдары 7 құдық қазған. Оларға құдық қазғаны үшін жұмсалған қаржысының жартысын жабатын субсидиялар төленген. 2022-2023 жылдары құдық қазу жұмыстарына субсидияға өтінімдер түспеген. Өтініш тікелей электронды түрде облысқа беріледі.

– Техникалық сумен жабдықтау соңғы кездері күрделі мәселеге айналды. Қошалақ, Азғыр өңірінде қандай су бары жөнінде мәлімет жоқ. Кеңес Одағы кезіндегі құдықтар қайда екенін ешкім айта алмайды. Қазіргі жастар одан мүлдем хабарсыз. Бар құдықтар пайдасыз, көміліп қалған немесе суы ашып кеткен. Субсидияға келсек, 20 метр тереңдікке дейін 40 мыңға жақын ақша төленеді. Құбырлы құдықтың тереңдігі 50 метр болса 40 мың теңге. Қазір 7-ші бекеттен бастап су көзі жоқ. Гидрологиялық карта жасау мәселесін шешкен жөн. Онсыз құдық қазуды қозғап қайтеміз? Себебі, ешкім де қазылған құдықта қандай су барын білмейді. Сол себепті лицензиясы бар құдық қазушылар жасаған жұмысы үшін счет-фактура бермейді. Олай етсе су 1 айдан кейін тартылып қалса, жауапкершілік мойынына түседі. Алған ақшасын қайтаруы тиіс. Счет-фактура бермесе қаздырған құдығы үшін субсидия тимейді. Су көзін шаруа қожалығы өзі зерттеуі керек. Бұл жұмыс бәскелестік ортаға берілген, – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Зейнетоллаұлы.

Осыған байланысты қатысып отырған өңірлік кеңес мүшелері Бержан Кенжебаев, Батырбек Амиров, Зәмзәгүл Карсакова, Мерғали Ғабдушев, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов және басқаларының пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Қатысушылар бұл мәселе жөнінде облыстық өңірлік кеңеске хат жолдау керек деген мәмілеге келіп, облыстық мәслихаттың депутаты Зәмзәгүл Оңдасынқызына депутаттық сауал ретінде жолдауды да тапсырды. Отырыс барысында электр энергиясы тарифіне қатысты мәселе де қозғалды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT