Күннің көзі нұрын ерекше төгіп, дала бусанып, тал-шыбықтар бүр жарып, тылсым табиғат түрленген шақта табалдырығымызды аттайтын аналар мерекесі елімізде жыл сайын айрықша атап өтілетіні белгілі. Әйел адам жер бетіндегі ізгіліктің, нәзіктік пен кеңдіктің көрінісі болып келеді. Ол сондай-ақ, қалтқысыз көңілдің, жоғары адамгершілік пен қайырымдылықтың да өлшемі.
Елімізде гендерлік саясаттың жүргізілуі нәтижесінде саяси-экономикалық, мәдени-рухани салаларда нәзік жандылардың беделі мен саны өсе бастады. Бизнесте, саясатта, ғылымда өздерінің іскерлігі мен шығармашылық таланттарын бүкіл өңірге танытқан олар қазақ әйелінің мәртебесін арттырып келеді. Осы шуақты мерекеге орайластырып, әрі кейінгі жас қыз-келіншектерге үлгі болсын деген ниетпен өз кәсібін жетік білген, еңбегі жанып, еңсесі тік жүрген ауданымыздың мәдениет, білім, қаржы, денсаулық, сияқты жетекші салаларын басқарып отырған Зияда Жоламанова, Гүлфара Құбаева, Гүлнәр Хасанова, Гүлсара Мүтиева ханымдар туралы әңгіме өрбітуді жөн санадық. Бұл бағытта оларға хабарласып, төмендегідей сұрақтар төңірегінде құнды ой-пікірлерін тарқатуды алға тартқан болатынбыз.
МӘДЕНИЕТІМІЗДІ МӘНДІ ЕТКЕН ЗИЯДА
1. Менің осы мамандықты таңдауыма әкем мен анамның 40 жылға жуық мәдениет саласында еңбек еткендері айрықша ықпал етті. Бойымдағы еңбекқорлық, талапшылдық, әділдік қасиеттер ата-анамның тәлім-тәрбиесі мен өнегесі арқылы келді десем, артық айтқандығым емес. 1982 жылы Шымкент қаласындағы №38 кәсіптік-техникалық училищені аяқтап, «киномеханик», кейіннен Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнына түсіп, «мәдени қызметтерді ұйымдастыру» мамандықтарын алып шықтым. Алғаш еңбек жолымды Ойыл аудандық «Шұғыла» кинотеатрының киномеханигі болып бастадым. Жолдамамен Атырау облыстық ғылыми әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының ғылыми әдіскері, мәдени ағарту жұмыстарының бөлім секторы, бөлім меңгерушісі қызметтерін түрліше жетістіктеріммен абыройлы атқардым. Бұдан кейін Құрманғазы аудандық мәдениет үйінің директоры, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымына дейін көтеріліп, 2017 жылдан бастап аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылық жасап келемін.
2.Мәдениет саласы қоғамдық ұйымдармен өзара бірлесіп, іс-қимыл жасау негізінде халықтың сұранысы мен қажеттілігін игеру, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, азаматтарды эстетикалық тәрбиелеу үшін мәдени ойын-сауық, үйірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Аталған бағытта белгіленген шараларды жүзеге асыру үшін елді мекендердегі мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасы заман талабына сай болуы қажет. Осы тұрғыда нысандардың құрылысын салу және қайта жаңғырту бойынша 2017 жыл ішінде аудан орталығындағы С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйіне, Сафон, Қиғаш мәдени мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық балалар кітапханасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өткізіліп, облыстық мәдениет басқармасына қаржы бөлу жөнінде бюджеттік өтінім ұсынылды. Мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша көңіл бөлініп, музыкалық аспаптар, аппаратуралар, сахналық безендірулер, ұлттық киімдер жаңадан сатып алынды. Бұл істер аудан әкімі Б.Шаяхметовтің тікелей қолдауымен жүзеге асуда. Алдағы уақытта Шортанбай, Ақкөл ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіледі.
3. Қызметпен бірге отбасылық міндеттерімнің орындалысына ешқандай дақ түсірмеу үшін бар күш-жігерімді жұмсап келемін. «Әйел қырық жанды» демекші, бәріне үлгеруге тырысамын. Отбасында қатар, балаларымның да көңілін тауып, әйелдік, аналық, келіндік парыздарымды адал атқарудамын. Менің ойымша, уақыт кестесін дұрыс пайдалана білу көп мәселенің шешімі. Оның үстіне қазіргі уақыт тұрмыстық мәселенің оңтайланған, отбасылық шаруалардың жеңілде¬тілген кезеңі. Бұрынғы аналарымыздың тірлігі мен қазіргі әйел¬дердің үйішілік тауқыметін салыстыруға мүлде келмейді. Отбасында да, қызметте де бар¬лығын уақтылы бітіру үшін күнделікті жұмыс кестесін жасаймын. Бұл бұрыннан қалыптасқан әдет болғандықтан, басқаша қалай болатынын білмеймін де. Жедел атқарылатын жұмыстар кестенің басында тұрады. Былай қарағанда дема¬лысқа уақыт жоқтай көрінуі мүмкін. Бірақ, отбасымызбен барлығына үлгереміз.
4. Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Жандары адал, жүректері жомарт, пейілдері кең адамдарды құрметтеймін. Талғампаз адамдарға тәнтімін. Жағымпаздыққа, атаққұмарлыққа, іштарлық пен сабырсыздыққа жаным қас.
5. Әрбір отбасында аналар барда ошақтың оты өшпейді. Пайғамбарымыз: «Жұмақ ананың аяғының астында» деген екен. Орыс жазушысы М.Горький: «Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралған» деп жазыпты. Тіршіліктің, қоғамның тірегі болған әйел-аналардың отбасыларына амандық, жемісті еңбек, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін.
«ҰСТАЗ ҰЛЫҚ ЕМЕС, ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ»
1.Елбасының «Әйел – өмір тірегі емес, әйел – өмірдің өзі» деген тамаша сөзі адам баласына қаншама ой салары сөзсіз және тектен-текке айтылмаса керек...Өйткені қазіргі қоғамның кез келген саласын және заман келбетін оларсыз елестету мүмкін емес. Нәзік жанды әйелдер қауымы өмірдің гүлі, мәні мен сәні іспеттес саналғанымен, қазіргі таңда ерлермен бірдей иық тірестіре іскерлік, басшылық қызметте жүрген әйел-аналарымыз, қырмызы қыздарымыз қанша ма?
Аудандағы 33 мектептің басшылық қызметінің 45 пайызын және балабақша меңгерушілерінің 100 пайызын және педагог қызметкерлердің 80,9 пайызын әйел-қыздар қауымы құрайды. Тұрмысы мен қызметін қатар алып жүріп, тындырымды ізденісімен еңбек етіп отырған педагогика саласындағы басшы нәзік жандыларымыздың қатарында Г.Юсупова, Н.Хасанова, Г.Қалиева, Ж.Хасанова, К.Акмалиева, балабақша меңгерушілері З.Абдолова, С.Төлегенова, Г.Өтегалиеваны зор мақтанышпен айта аламыз. Жас директорлардың бірі Ш.Исатаева облыстың «Үздік директоры» атанды. Шәкірттеріне жан шуағын шашып республикалық дәрежеде танылып жүрген М.Киюазова, Э.Абулкасимова, Н.Шайхиева, К.Таупихова, К.Кисметова, К.Құталиева, А.Абдрахманова, М.Мирасова, К.Ермұханова, А.Шамарданова сынды мұғалімдердің тәжірибелік ұлағаты мен тағылымы үлгі етуге тұрарлық.
Әйел – ардақты ана, отбасы шамшырағы десек, білім саласында бірнеше жыл жемісті қызмет етіп, қазіргі таңда зейнеткер атанып отырса да, әрқашан тың бастамаларымен көш ілгері жүретін Б.Хасенова, М.Шапхатова, Р.Нажимова, Ж.Құрманғалиевадай ардагер ұстаздарымыз – біздің ақылшымыз. Бала тәрбиесі жөнінде сырласуға келетін әке мен анаға бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беруден аянбайтын аудандық ата – аналар комитетінің төрайымы Ұ.Сапарованың да еңбегі ұшан-теңіз. Міне, менің айналамды қоршаған өз ісін жетік меңгерген, ізденімпаз, еңбекқор жандармен «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, бірлескен жұмыс болғанда ғана ауданымыздың жетекші саласы өркендейтіні сөзсіз. Осы сенім үдесінен шығуды мақсат тұтып 2016 жылы бөлімді басқаруға тәуекел еттім. Оған дейін Б.Бегәлиев атындағы мектепте директорлық қызметте болдым.
2. Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған адам капиталының сапалы өсуіне әсер ететін маңызды құралдың бірі – бұл білім. Өйткені ол – адамды жеке тұлға етіп қалыптастыруға негіз болады. Кез келген жан жас кезінен бастап білім-ғылымды игеруі барысында сауаттылыққа, жоғары дәрежедегі мәдениеттілікке және өзге де қабілет-қасиеттерге қол жеткізетіні анық. Осы ұстанымды басшылыққа алып, шәкірт санасын білім нәрімен сусындатуды мұрат тұтқан, үнемі тың шығармашыл жаңалықтарымен көрінетін жаңа форматты мұғалімдер бүгінгі қоғамға қажет етіледі. «Ұстаз ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзімен ой өрнектей түссек, қазіргі заманда ұстаздар қауымына жүктелер міндет, қойылар талап та жоғары. Сондықтан әр мектептегі педагогтардың білімдерін жетілдіру бойынша ұйымдастырылған ұзақ және қысқа мерзімді танымдық курстарға белсене қатысып, теориялық тұрғыда алған білімдерін тәжірибеде шебер ұштастыра білуге машықтануда. Елбасы Н.Назарбаев: «Жаңа формация мұғалімі - өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылдыратын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып дамыту үшін жауапты», - дейді. Облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда шәкірттеріне шалқар шабыт, зор ынта сыйлай білген ұстаздар жылма-жыл зор табыстарға кенелуде. Кейбір мұғалімдеріміз өздерінің кәсіби біліктіліктері мен педагогикалық іс-тәжірибелерінің мол екендігін облыс көлеміне таратуда. Сапалы білім беру үшін мектептердегі материалдық-техникалық базаны жетілдіру бағытында біршама игілікті жұмыстар атқарылды. 2017 жылдың ішінде барлық мектептердің 452 млн. теңгенің цифрлық инфрақұрылымымен жабдықталуы, алдағы уақытта білім сапасының артуына үлкен септігін тигізетіні анық.
3. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік берік орнаса, қоғамның діңгегі де мықты болары сөзсіз. Адам ең алғаш дүниеге келген сәтінен бастап отбасының тамаша тәрбие мектебінен тәлім алады. Ата-анам (бұл күнде өмірден өтті) – менің ең қымбат аяулы жандарым. Маған олардың берген отбасылық тәрбиесі, ұстанған принципі бітім-болмысымның қалыптасуына рухани әсер етті. Отанды сүюді, үлкенді сыйлауды, небір адами ізгі қасиеттерді бойыма дарытты. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ұлы Абайдың нақылын олар жас кезімнен санама сіңіріп өсірді. Сондықтан өмірдің бұралаң жолдарында кездескен қандай шырғалаң шақтарда да осы сөздерді темірқазықтай ұстанып, адаспай келемін. Қазіргі таңда отбасымда бірге тұрып жатырған інім Беркін де, келінім Нұргүл де , марқұм ағам Серік те менің еш алаңсыз еңбек етуіме, білімімді жетілдіруіме мүмкіндіктер жасап, еңбегімнің еленіп, нәтижелі болуына өз үлестерін қосуда.
4. Адам баласының бойында имандылық, адалдық, қарапайымдылық, мәдениеттілік сияқты биік қасиеттер орын алғанда ғана жан-дүниесінің рухани байлығы зор мәртебеге ие болады деп есептеймін. Алайда, өмірден азды-көпті көріп, түйгенім – екіжүзділік, жағымпаздық, сатқындық сияқты жағымсыз қасиеттер ешкімді өрге сүйремейтініне, жақсылыққа кенелтпейтініне талай мәрте куә болып жүрмін. 5. Көгілдір көктемнің шынайы символындай танылатын осынау қасиетті мерекенің иелері, адамзаттың табынары мен киелері, мейірімділік пен тыныштықтың жаршылары, адамшылықтың мөлдір тамшылары болған Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын! Мен үшін 8 наурыз – Анаға тағзым ету, оларды құрметтеу күні. Анаға тағзым дегеннің астарында үлкен мән жатыр. Оған бас имейтін, оның алдында тізе бүкпейтін жан сирек. Ұлы жазушы М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Сол бесік иесі – ана. Ол үлгілі, көрегенді, көрікті, ақылды болуы тиіс. Қазақтың ұлттық ерекшелігінің бірі де – ата-ананы сыйлау, олардың алдынан кесе-көлденең өтпеу, қарсы келмеу қанымызға сіңген әдет. Өкінішке қарай, осы қасиеттерімізден айыры¬лың¬қырап бара жатырмыз. Сондықтан елімізге ана мейірімі мен махаббатын сыйлайтын осындай мерекелерде ақ жаулықты аналарымыздың, жауқазын қыздарымыздың дүниедегі ізгілік пен жақсылықтың жаршысы болып қала берулеріне тілектеспін.
БАР ҚАРЖЫМЫЗ ГҮЛНАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
1. Іргесі мықты, көпбалалы отбасының шаңырағынан түлеп ұшып, әкеме еліктеп қаржы маманы болу арманыммен Целиноград қаласындағы қаржы-экономикалық техникумына оқуға түсуге бел байладым. Мен барған жылдары мұнда қазақтар аз болатын. Бізге көзқарас басқаша болғандықтан, біраз қиындықтарды бастан өткердік. Күн-түн демей білімімді ұштап, қаржы саласының мамандығын игеріп, туған елге оралдым. Алғашқы еңбек жолымды Теңіз аудандық қаржы бөлімінде ревизор-инспектор болып бастадым. Арман-мақсаты зор адам өмір бойы бір орнында тұрақтап қалмайды. Іскерлік қабілетімді байқаған мекеме басшысы мені аға-экономист лауазымына жоғарылатты. 1996 жылы кәсіби білімім мен білігімді шыңдау үшін Алматының Қазақ мемлекеттік басқару академиясын сырттай оқып бітіріп алдым. 1993 жылдан бастап қаржы саласындағы бюджет инспекциясының бас экономисі, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі, қаржы бөлімі басшысының орынбасары лауазымдары секілді қызметтік сатылардан өттім. 2017 жылдың 17 шілде айынан бастап аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы міндетіндемін. Осы дәрежеге жеткенім Елбасымыздың, Тәуелсіздігіміздің нәтижесі деп түсінемін. Өзіме сеніп тапсырылған бұл жұмыстардың қай-қайсысын да бар ынта-жігеріммен, адал атқаруға тырысудан тайынған емеспін. Әсіресе, басқару жұмысында мәліметтерді есте сақтап, оны ойда ұшқыр қорытып, жүйеге келтіруді, сөйтіп, тез арада шұғыл шешімдерді қабылдауды қажет ететіні белгілі. Бұл бағытта ешбір қате жібермей, жұмысымның мүлтіксіз орындалуына ұдайы мән беремін. Мектепте математика пәнін аса қызығушылықпен оқыдым. Есеп-қисап жөнінде терең мағлұмат беріп, сапалы білімді санама сіңірген Нүрзиля Ботағарина апайыма алғысым шексіз.
2.Саладағы қаржының игерілуі жыл қорытындысымен 100 пайызға орындалды. Аудан бойынша берешектер болған жоқ, жоспарлы шаралардың бәрі де өз мерзімдерінде өтті. Жергілікті өзін-өзі басқарудың IV дербес бюджетін қалыптастыруда 2018 жылдың 1 қаңтарынан халық саны 2000-нан асқан 12 ауылдық округке дайындық жұмыстары 2017 жылдан бастап жүргізілді. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жыл қорытындысымен, 29 маман көтерме жәрдемақы, ал 6-ауы тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алды. Алға қарай да мақсатты жұмыстар жалғасын табады. Әсіресе, бөлімге келген жас мамандарға көмек көрсетіп, олардың кәсіби шыңдалуына ерекше назар аударамын. Қарамағымда істеген қаншама жастар қанаттанып, саналы өмірге жолдама алды? Бөлімнің негізгі мақсаты – аудандық бюджеттің орындалысын ұйымдастыру мен оны жүзеге асыру болып табылады.
3.Әрине, жауапты міндет пен отбасы жылулығын қатар алып жүру бастапқыда оңай болмады. Елімізде қаржылық заңдылықтарға жиі өзгеріс еніп жатады, сондықтан кәсіби білігіңді жиі толықтыруға мән беріліп, іссапарларға шығып тұратын кездер орын алады. Мұның бәріне «бір терінің пұшпағын илегендіктен шығар», азаматым Сандыбай қаржы маманы болғандықтан түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп жатады. Үлкен ұлымыз Сұлтан да біздің жолымызды қуып, осы саланы таңдады. Кіші баламыз Шерхан ұлттық «Ұлан» гвардиясында Отан алдындағы әскери борышын өтеуде. Қызымыз Мәдина 1 сынып оқушысы. Жұмыстан кейінгі уақытымызда үй тірлігі, баланың сабағын қарау деген ұсақ-түйек шаруалар өз кезегін күтіп тұрады. Ең бастысы өміріміз тыныш, тұрмысымыз сәнді. Оны тек әдемі ету үшін біздің тарапымыздан тынымсыз еңбек қана талап етіледі. Сондықтан бәріне үлгеріп, өзгелерге үлгі болуға тырысамын. Не істесем де құштарлықпен кірісемін. Шаршап-шалдығуды ескермей, туған жерім үшін адал қызметтенуге барымды саламын.
4. Адамгершілігі мол, рухы биік, еңбекқор жандарды жақсы көремін. Бірақ мемлекеттік қызметші болғандықтан, жұмыс барысында түрлі мінез көрсететін адамдармен сөйлесуде сабырлылық, ұстамдылық танытуға тура келеді. Жалқаулық пен енжарлыққа, өтірік пен өсекке жаным қас.
5. Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесімен аналар мен қыз-келіншектерді қызу құттықтаймын! Оларға зор денсаулық, отбасы шаттығын, ұрпақ қызығын көруді тілеймін. Еліміздің тұғыры берік болып, әрқайсысымыздың маңдайымызға баянды, бақытты ғұмыр кешуді жазсын!
АҚ ХАЛАТТЫЛАРДЫҢ АРДАҚТЫСЫ - ГҮЛСАРА
1. Мен 1998 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясынан бала дәрігері мамандығын алып шығып, Ақтөбе қаласында жұмыс істедім. 2000 жылы туған жеріме оралып, алғаш еңбек жолымды Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының жедел-жәрдем бөлімшесінің дәрігері болып бастадым. 2003 жылы жұқпалы аурулар бөлімшесіне ауысып, 2005-2013 жылдары балалар және жұқпалы аурулар бөлімшелерінің меңгерушісі қызметін қатар алып жүріп, одан кейін бас дәрігердің ана мен бала өмірін қорғау ісі жөніндегі орынбасары болдым. 2006-2016 жылдар аралығында аудандық медицина қызметкерлері кәсіподағының төрайымы міндетін үзбей қоғамдық негізде атқарып келдім. 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап Құрманғазы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері лауазымына тағайындалдым. Сонау ерте заманнан бері қасиетті, киелі саналатын екі кәсіп бар. Бірі – адам тәрбиелеу, екіншісі – адам жанына араша түсу. Сондықтан қай қоғамда да ұстаз бен дәрігердің алар орны бөлек. Жауапты мамандықта адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы бағытта күн-түн демей тынымсыз ізденіс үстінде жұмысыма үлкен жауапкершілік танытып, халықтың алғысына бөленуге тырыстым. Аллаға шүкір, еңбегім ескерусіз қалмай, 2 мәрте облыстық денсаулық сақтау департаменті мен медицина қызметкерлері кәсіподағының «Алғыс хаттарымен», аудан әкімінің «Алғыс хатымен», ауданның Құрмет грамотасымен және ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы атқару комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. 2010 жылы облыстық «Үздік дәрігер» атағын жеңіп алдым. 2011 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен ұлығыландым. 2016 жылдың наурыз айынан бері аудандық мәслихаттың депутатымын.
2. «Ұлт денсаулығы – кемел болашағымыздың негізі» деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, халқымыздың денсаулығын жақсарту еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Өңірімізде соңғы жылдары медицина саласын дамыту, тұрғындарға қолжетімді және сапалы қызмет көрсету жолында барлық мүмкіндіктер жасалуда. Емдеу орындарының заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталуы жақсара түсті. Тұрғындар арасында аурушаңдық азайып, ана мен бала денсаулығына ерекше мән берілуде. Өзім аталмыш лауазымға тағайындалғалы бері стационарлық көмектің сапасын арттыруға, клиникалық жағдайларда емдеу стандартына сай құрал-жабдықтарды ретке келтіруге баса назар аударып келемін. Осыған орай аудан тұрғындарына қажетті сезімталдығы жоғары ультрадыбыстық зерттеу, рентген, маммограф аппараттардың алынуына жұмыстанып, бүгінде ол сәтті жүзеге асты. Алға дәрігерлік амбулаториясына 9 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, Ескі Аэропорт елді мекенінде салынған медициналық пункт халық санының өсуіне байланысты фельдшерлік-акушерлік пунктіне айналдырылды. Стационарлық төсекті тиімді пайдалану мақсатында Шортанбай ауылдық ауруханасы 10 төсектік күндізгі стационарға ауыстырылды. 2016 жылы облыстық кардиологиялық орталықтан жүрек-қан-тамыр аурулары жөнінде тікелей кеңес алу үшін 7 электрокардиологиялық аппарат іске қосылса, былтырғы жылы қосымша 6 электрокардиограф орнатылды. 15 млн. қаржыға 3 жаңа УАЗ санитарлық автокөлігі алынып, Дәшін, Котяев дәрігерлік амбулаторияларына көлікжай салынып берілді. 60 480 800 теңгеге стационарлық маммограф, 89 868 000 теңгеге рентген, сонымен қатар ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, микроскоп сатып алынып, бүгінгі таңда олар тұрғындар игілігіне қызмет етуде. Демеушілік көмек арқылы электрондық қан қысымын өлшеу құралы алынып, 1 953 840 теңгеге медициналық қалдықтарды залалсыздандырып жоятын муфельді пеші алынып қондырылды. 2017 жылы қазан айында аудандық аурухана мен оған қарасты мекемелер мемлекеттік аккредитациядан өткізілді.
3. Мен осы мамандықты таңдаған кезде оның қиындығы мен ауырлығын түсініп таңдаған болатынмын. Үлкен қызым Диана тұрмыста, күйеу баланың инженерлік жұмыс бабына байланысты олар Қарағандыда тұрады. Медина атты жиенім бар. Ортаншы ұлым Диас Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған саз мектебінің 11 сынып оқушысы. Міне, осы күнде олармен телефон арқылы сөйлесіп, хал-жағдайларын біліп отыруды күнделікті әдетіме айналдырдым. Кенже балам Айданбек 5 жаста, балабақшаға барады. Жұмыстан босаған уақытта оның тәрбиесімен айналысып, бөбегіме көбірек уақыт бөлуге тырысамын.
4. Шыншыл, адал, сөзіне берік жандармен жақсы қарым-қатынаста болғанды ұнатамын. Ал жалған айтатын, тұла бойын еріншектік билеген адамдардан аулақ жүремін.
5. Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде нәзік жандылардың әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі. Көктемнің шұғылалы мерекесінде айтылатын алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын! Сергектіктеріңіз күш-жігерлеріңіздің қуат көзіне айналсын! Отбасыларыңызға әрқашан бақыт және сәттіліктер тілеймін!
Сұхбатты жүргізген Айнагүл ШАКУПОВА.