Облыстық тарихи-өлкетану музейінің көшпелі көрмесі Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен Лондон қаласында өткен «Орта Азия көктемі» фестиваліне қатысқан болатын.
Міне, осы атыраулық делегацияның құрамында он саусағынан бал тамған, ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілерін жаңғыртып жүрген, ағаштан түйін түйген алтын қолды жерлесіміз Талғат Жұмалиевтің болғаны құрманғазылықтар үшін зор мақтаныш. Оның көздің жауын алар туындылары тұманды Альбион төрінде көрмеге қойылып, әлемдік деңгейде таныстырылды. - Бұл көрмеге жолдама алғаннан кейін, іштей қобалжып, оған апаратын бұйымдарымның сапалылығына, әдемілігіне ерекше назар аудардым. Атыраудан аттанған 20 адам Нұр-Сұлтан қаласынан Ұлыбритания астанасына 7 сағат ұшақпен жеттік. Көрмеге мен астау, тегене, садақ секілді ұлттық бұйымдардың түр-түрін жасап апардым. Сонымен қатар, музей қорынан жәдігерлер, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер көрермен назарына ұсынылды. Бұл шараға британ астанасының тұрғындары мен қатар «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан жастарымызды, сол жақта тұрақтап қалған қандастарымызды көріп қуанып қалдық.
Қонақтар алдында сөз сөйлеген ҚР Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов мұндай іс-шаралар Қазақстан-Британ қарым-қатынастарын дамытуға, екі елдің салт-дәстүрі, мәдениетімен танысуға қомақты үлес қосатынын жеткізді. Ағылшындықтардың ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, ою-өрнек¬терімен ерек¬шеленген ұлттық нақыштағы өзге де тұтыну зат-тарына қызығушылығы өте жоғары болды. Өзімнің негізгі мақсатым – коммерциялық бағытты ұстанудан гөрі халыққа насихат жасау, қазақтың ұлттық бұйымын жаңғыртып, оның мән-мағынасын түсіндіру болғандықтан мұндай көрмелерге қатысу ұлттық брендімізді паш етуге, жарнамалауға таптырмас мүмкіндік екенін түсіндім, - дейді бізге берген сұхбатында шебер Талғат Жұмалиев.
А.Шакупова.