Жерлесіміз - университет деканы

(3 Votes)

Журналистің  тұлғасы – бұл әлемнің сызбасы. Бұл жолды қалай сызсаң, ертеңің де солай болмақ.

Газет пен теледидар идеологиялық құрал деп есептесек, оның қызметшісінің міндеті ұлтты тәрбиелеуде тілшілер ұтымды ойлап, жазары нақ болса, тележурналистер де көрермен көзайымы болуы шарт. Ал ақпарат майданында сара жолды қалыптастыру екінің бірінің қолынан келе бермес дүние. Газетіміздің осы санында еңбегі еленіп, халқынан зор құрметке бөленген Сансызбай Шарапиұлы туралы жазбақпын. Ол – 1965 жылы Құрманғазының топырағында туған, жерлес-әріптес. Тілшілік тірліктегі дара жолын 1984 жылы Исатай аудандық қазіргі «Нарын таңы» газетінде корректор болып бастап, бүгінгі таңда Алматы қаласының Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде журналистика факультетінің деканы қызметін абыройлы атқаруда.

Сансызбай Мадиев – 2005 жылы кандидаттық диссертациясын академик З.Қабдолов  жетекшілігімен қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды. 1998 жылы БҒМ қарасты «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының редакторы, 2002 жылдан бастап он жыл ішінде Әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ бөлімінің  жетекші маманы, ұйымдастыру бөлімінің бастығы, сектор жетекшісі, журналистика, дайындық факультеттерінің аға оқытушысы, кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірінің кеңесшісі болған. Кейін туған жерге келіп, 2012-13 жж Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры қызметін жалғаған. Ал, 2013жылдан соңғы қызметіне дейін А.Байтурсынов атындағы Тіл білімі  институтының менеджмент және халықаралық байланыстар жөніндегі директордың орынбасары болып, қазақ тілінің өркендеуіне, журналистиканың өсуіне елеулі еңбек етті. Оған қоса, Евразиялық медиа-форум (2005), «Әуезов және әлем әдебиеті» (2006), «І.Тұрмағамбетов – ақын, аудармашы» (2007), «Қазақ әдебиеті тарихынының мәселелері, Т.Кәкішұлы» (2007), «Академик З.Қабдолов және қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», (2007) тағы да басқа халықаралық ғылыми-теориялық конференциялардың өткізіп, өзін ұйымдастырушылық қырынан да көрсете білді.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жан-жақты білімді талап етуші журналистік жолда Сансызбай Шарапиұлының басты қаруы – сөз , қорғағаны – халық мүддесі болды. Қаламын қолға алып, қару еткен оның 2 монографиясы, 300-ден астам публицистикалық, 30-дан астам ғылыми мақалалары,  баспасөз  бетінде жарық көрген. «Дәуір тарланы», «Бес мүшел белесінде», «Зиябек ақын мұрасы», «Болашаққа барар жолда» атты кітаптардың авторы. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жылнамасы» (І, ІІ, ІІІ том), ғалымдар, ҚазҰУ ректорлары Т.Т.Тәжібаев, Т.Б.Дарханбаев көп томдықтарының жауапты шығарушысы, 20 шақты кітап құрастырушысы.  Ғылым көкжиегінде: ғылыми-көпшілік жинақ 2005-2006 (қазақша, орысша), Хабаршы-Вестник ғылыми-журналдарының жауапты хатшысы. Сонымен қатар, ғылыми ізденістері көне түркі жазба ескерткіштеріне, көне ауыз әдебиетінің жазбаларына, сондай-ақ репрессияға ұшыраған журналист Зиябек Рустемов мұрасына байланысты жазылған.

Күні кеше еліміздің алдыңғы қатарлы университетінде бастаған жаңа қызметі  жерлесіміз Сансызбай Мадиевке кедергі аз, алды жаз болсын деп тілек білдіреміз. Айтарыңыз да, жазарыңыз да таусылмасын, аға!

 

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521