Қазақта «Елдің атын ер шығарар» деген қанатты сөз бар. Осы бір аталы сөзге лайықты ардақтыларымыз бар, оның қаншасын білеміз, бұл болашақтың ісі. Бір қуаныштысы жылдар жылжыған сайын олардың қатары толығуда. Солардың бірі Таубұйрат өңірінің тумасы, Асан ауылында дүниеге келген тарихшы-өлкетанушы, Халықаралық Махамбет сыйлығының иегері Зұлқожа Шарафутдинов.
Қаламына қуат бітіп, шығармашылық шабыты теңіздей тасыған Зұлқожа Шарафутдинов бәйге төрінде бауырын жазған тұлпардай ақпарат кеңістігінде көсіле шабудан жалыққан емес. Өзі білген нәрсені басқаларға да қолжетімді етеді. Оқырман көңіліне ой еккен талай туындылары мерзімді баспасөз беттерінде жарқ етіп, лайықты бағасын алды. Аталған азаматтың жақында Қазақстан Журналистер одағына мүше болуы тек оның ғана емес, осындай қаламгеріміз бар деп құрмет тұтатын асандықтардың жеңісі деп білеміз. Жақында ақпарат саласындағы ұзақ жылғы ой еңбегі мен рухани-мәдени саладағы ғылыми-публицистикалық мақалалары үшін жерлесімізге Қазақстан Журналистер одағының куәлігі мен төс белгісі табыс етілді. Қуаныштымыз, қаламыңызға шабыт, деніңізге саулық тілейміз!
Өз тілшіміз