Кейіпкеріміз, жас таэквондошы Нұрайлым Бақытжанқызы туралы әңгімеміздің әлхиссасында спорттың осы түрі туралы аз-кем айта кетейік. Әлемде кең таралған, танымал болған корей жекпе-жегінің түрі. Мұнда рухани қағидалар мен дене тәжірибелері, қару қолданбай өзін-өзі қорғау біріктіріледі.
Жаттығудың бірінші жылында балалар негізгі техниканы меңгереді және кейінірек шабуыл жасауды және қорғануды үйренеді. Таэквондо WTF арасында қауіпсіз спорт түрі болып саналады, өйткені жекпе-жектің қатаң ережелері енгізіліп, сайыс кезінде денеге зақым келмеуі қарастырылған. Қарқындылық, тұрақты жаттығулар қосымша салмақ қосуға мүмкіндік бермейді. Бұл денені мінсіз мүсін етіп қалыптастырады. Ол жаттығуды тоқтатқаннан кейін де сол қалпында қалады. Жалпы,таэквондодан жарыс халық көп жиналатын жерлерде, қатты дыбыстар мен айқайлардың сүйемелдеуімен өтеді. Бұл ешқандай кедергіге қарамастан, көпшілік алдында сөйлеуден қорықпауға, бар зейінін бір бағытқа шоғырландыруға үйретеді. Күшті аяқ техникасы, созылу, жылдамдық, икемділік және т. б. балаға қаласа, каратэ, хапкидо, ушу және т. б. сияқты спорт түрлерінде өзін сынап көруге, тіпті басқа бағыттар мен тәжірибелерді меңгеруге мүмкіндік береді. Таэквондо сабақтары қыздарды көңіл-күйін басқаруға үйретіп, икемді, ерік-жігерлі және өзіне сенімді болуға көмектеседі. Сабақ кезінде алған дағдылардың спортта да, өмірде де пайдасы тиеді. Енді негізгі әңгімемізге көшейік.
Нұрайлым Бақытжанқызы Абай атындағы жалпы орта мектебінің 8 «а» сынып оқушысы. Жаттықтырушысы Аманғалиев Руслан Саматұлы. Оқушының үлкен жетістіктерге жетуінде осы азаматтың еңбегі өте зор. Дарынды жасқа күн-түн демей көңіл бөліп, шар болаттай шыңдады. Үмітін ұштап, сенімін шарықтатты. Жаттығуда қиын болса, жарыста жеңіс оңайға түсетінін санасына құйды. Құрманғазы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне 8 жасынан бастап қатысып жүрген Нұрайлым да ұстазын жерге қаратпады. Сеніміне селкеу түсірмеді. Нәтижесінде, қазіргі таңда көптеген жетістіктердің иегері атанып отыр. Еліміздің барлық қалаларында өткен турнирлердің жеңімпазы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы атанды. 2021 жылы 5 мамырда Атырау облысы бойынша Қазақстан чемпионатына іріктеуден бірінші дәрежелі алтын медаль иеленді. Сол жылы 7 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында 10-11 жас аралығындағы балалар арасында таэквондодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жерлесіміз тағы да топ жарды. Алдына келгенді шақ келтірмей, 34 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанды. Ол не бары екі жыл ішінде 1 кубок, 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медалді жеңіп алды. 2023 жылы 3 наурызда Австрияның Инсбург қаласында таэквондодан «AUSTRIAN OPEN 2023.G2» халықаралық турнирі өткен болатын. Оған Еуропаның түрлі мемлекеттерінен талай жарыстарда жеңімпаз атанған жас спортшылар қатысып бақтарын сынады. Нұрайлым 44 келі салмақта кадеттер арасында 4 жарыс өткізіп, І орын алды.
– Нұрайлымның армандары көп. Болашағын спортпен, соның ішінде таэквондомен байланыстырады. Алдағы уақытта Қазақстанды әлемге танытар спортшы болсам деп армандайды. Үмітпен қарап, біз де солай болғанын қалаймыз. Жалпы спорттың бұл түріне ағасы қатысушы еді. Қызым оған ілесіп бір күн барғанда жаттықтырушысы Руслан бірден байқап, болашағынан үміт бар деп қатыстыруын өтінген. Қарсы болмадық. Салуатты өмір салтын ұстанғаны, спортпен айналысқаны өзіне жақсы. Бірақ, ол кезде Республика чемпионы болады деп ойламағанбыз. Сол кезден, 8 жасынан бастап спорттың осы түрінен қалмай келе жатыр, – дейді анасы Эльмира Күмісбекқызы.
Дарындарды түлетіп ұшырумен аты шыққан Құрманғазы топырағы біз ғана емес, еліміз мақтаныш тұтатын таэквондошыны өсіріп жатса ауданымыз үшін мерей. Келешегінен үлкен үміт күттіретін Нұрайлым Бақытжанқызы әлемге танымал таэквондо жұлдызы, Олимпиада чемпионы Милица Мандичтің, облысымыздың мақтанышы Жансель Дениздің жолын қусын дейміз.
Қанат ҒҰМАРОВ