Көптоғайлық Мәриям «Әлем жұлдызы» атанды. Ол Сочиде өткен «Әлемдік модель» 3-15 жас аралығындағы ерекше қабілетті балаларға арналған конкурста Бас жүлдені иемденіп, «Әлемдік жұлдыз» атағымен елге оралды.
С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебінің 3-сынып оқушысы Мәриям Ишанғалиева, шілде айында дәстүрлі түрде өткізілетін «Мировая супермодель» байқауына онлайн түрде суреттерін жіберген еді. Көп кешікпей қорытынды да белгілі болып, жерлес бүлдіршін халықаралық жобаға жолдама алды. Тәуекелге бел буып, ел намысын қорғамаққа сәби жүрек тайсалмастан аттанып кетеді.
«Әлемдік модель» байқауына төрелік еткен жеті әділқазының алдында, 8 жасар Мәриям қазақы нақыштары көркем бейнеленген ұлттық киіммен, «Адай» күйінде дефильеге шығып, таңдай қақтырыпты. Оның анасының айтуы бойынша, жарыс басталмас бұрын, кішкентай қызы қатты толқыған көрінеді. - Сайыс барысында қобалжығаны жасырын емес, өйткені 25 қатысушының ішінде бір ғана қазақ қызы өзі болды.Үлкен сахнаның аурасын сезінген кезде бұл сезім кім-кімнің де бойын билері хақ. Бірақ, сапарға шыққанда қызым маған «мама, көр де тұр, бұл тәж менікі» деп өзіне сенімді аттанған еді,-дейді Мәриямның анасы Арай Қарабалаева. Отбасы қолдауының арқасында Мәриям Ишанғалиева 6-9 жас аралығындағы «Мировой супермодель земного шара – 2021» титулын жеңіп, «Мировая звезда» атағын да еңсерді.
– Тәжді басына кигізген сәтте, қызым, қуаныштан жылап жіберді. Бізге қолдау көрсеткен Бақытгүл Қайыржанқызы, Кайрат Бөлеков пен мектеп директоры Күнсұлу Үрпекқызы, ұстазы Мейрамгүл Темірханқызына алғыс білдіріп, Мәриямның жеңіспен оралуына тілекші болған барша Атырау халқына рахметімді айтамын! ,- дейді қуанышын жасыра алмаған анасы Арай Қарабалаева.
Мәриямды жеңісімен құттықтап, бағындырар белестері таусылмасын деп тілек білдіреміз.
Жайдарлым Қайреден