Жерлесіміз академик атанды

Елтоқ Иссык Facebook парақшасынан
(0 Votes)

«Білім – инемен құдық қазғандай» дейді халық даналығы. Саналы адам өзінің ой-арманын, мақсат-мүддесін тек  алған білім арқылы қанағаттандыра алады. Білімсіз ешнәрсеге жол ашылмайды, білікті болсаң ғана қоғамнан лайықты орныңды табасың.

Дана халқымыздың  «Білім – өмір шырағы» деген нақыл сөз де дәл айтылған. Білім – бұл қолдағы шырақ. Шырағың жарық жанса, өмірде адаспай мәнді де сәнді ғұмыр кешесің. Бар өмірін ғылым жолына, оның ішінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға арнағандарға қашанда құрмет бөлек.

Сондай қастерлі мамандықты таңдап, бар ғылымның атасы саналатын математиканы  шәкіртеріне жалықпай үйретіп жүргендердің бірі - Шаждекеева Нұргүл Қыдырбайқызы. Ол 1960 жылы Құрманғазы ауылында дүниеге келді. 1978 жылы аудан орталығындағы Ломоносов атындағы орта мектепті бітірді. 1979-1984 жылдары  Гурьев педагогикалық институтын (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) математика және физика мамандығы бойынша бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолын Атырау қаласының №22 орта  мектебінде математика пәнінің мұғалімі  болып бастады, 1988 жылы №4 Ю.Гагарин атындағы орта мектепте  математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 1995 жылдың қыркүйек айынан бастап қазірге дейін өзі жоғары білім алған университеттің математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының  аға оқытушысы. Математикалық анализ, дифференциалдық теңдеулер, математика физика теңдеулері, вариациялық есептеулер, жоғары математика пәндерінен дәріс және практикалық сабақтарды жүргізеді. Оның дәріс сабақтары теориялық және методикалық жағынан қазіргі заман талабына сай. Өйткені ол сабақтарды жоғары ғылыми-методикалық дәрежеде жүргізеді.                                                            

2003 жылдан бастап ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуда. Осы бағытта 70-тан астам ғылыми еңбек, әдістемелік жұмыстар жазып, онысы ғылыми және педагогикалық басылымдарда жарық көрді. Бір монография, бес оқу-әдістемелік құралын дайындап, 4  авторлық куәлікке қол жеткізді. Нұргүл Қыдырбайқызы өзінің ғылыми мақалаларымен  халықаралық және республикалық конференцияларға қатысты. 2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін де «Разработка методов восстановления фильтрационно-емкостных параметров эффективного пласта» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Еңбек еткен жылдарының алғашқы күннен бастап ол өзін білікті маман, білімді ұстаз ретінде көрсетті. Университет өмірінде белсенді жұмыс атқарып, факультет бойынша педагогикалық практикаға жетекшілік етті. Ал, 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарды.  2015-2016 жылында физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы қызметінде болса, 2016 жылдың қырқүйек айыннан бастап математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Білім беру саласына арнаған 36 жыл педагогикалық еңбек өтілі ішінде Алтынсарин төсбелгісімен (2010), ҚР Білім және ғыдым министрлігінің «Алғыс хатымен»(2018), Атырау қаласының әкімінің «Құрмет грамотасымен» (2015)  марапатталды.  2016 жылы жоғары оқу орнының «Үздік оқытушысы» атағының иеленді.   Жақында Шаждекеева Нұргүл Қыдырбайқызы физика-математика ғылымдары академиясының академигі атанды.  Жерлесімізді жоғары дәрежелі ғылыми атағымен құттықтай отырып, қызметіне абырой-бедел, шығармашылық табыс тілейміз.            

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT