Жер атауы елдігімізді бекітеді

(0 Votes)

Ономастикалық атауларды ретке келтіру – ұлттығымыз бен мемлекеттік бірегейлігімізді айқындайтын басты факторлардың бірі. Мұның шекарада жатқан біздің ауданымыз үшін де маңызы зор.

«Қазақстан ономастикалық атауларын тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы жүйелендіру» тақырыбы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін топ мүшелері, Қазақстан ономаст ғылымдарының  «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, профессор  Гүлнар Бекенова мен география және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері Мәулен Тоғыс ауданымызда болып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Аудандық мұражайда өткен кездесуде Қазақстан ономаст ғылымдарының  «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, филиология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Бекенова: – Қазір біз атауларды реттеп жүрміз. Атауларды реттегенде, үштік картаны жасағанда оның ішінде статистика деген ғылым бар. Қазақстан жерінде жүздеген мың атау болса, соның 30 пайызы орысша кеткен. Одан ертең жер дауы шығуы мүмкін екенін түсінесіздер. Сондықтан, қазір біздің зерттеуші ғылымдар осы катологты реттеп, сөздік жасап жатыр. Не себепті солай аталғаны лингвистикалық тұрғыдан талданса, географтар картаның деңгейінде қарап, тарихшылар архивтерден қарауда. Челябинск, Мәскеу, Санкт-Петербургтегі орталықтарға барып көне карталардан  іздейді.  Сөйтіп бұрынғы атауларын табамыз. Біздің картамыздың негізінде  орысша атаулардың екі түрі бар. Біріншісі жергілікті жерден алынған. Мысалы «Қамыстыкөл» атауын «Камышная», Ақкөлді «Белый» деп атап, тіркеп жіберген. Оны өзгерту қиын емес, ғылым академиясы тіл білімі институтының ономастика бөліміне тіркетіп, сараптама  жасаймыз. Ертең электронды картаға кіргенде «Камышная» деген «Қамыстыкөл» деп тіркелуі керек дейтін  хаттама беріледі. Екінші орысша атауларды біз білмейміз, кабинетте отырып түсіндіру мүмкін емес. Оларды жергілікті жерлерге барып анықтау үшін елімізді аралап осылай экспедицияға шығамыз. Мақсатымыз жергілікті өлкетанушылармен, көнекөз қариялармен, жазушылармен, мұғалімдермен кездесу. Қазақстан Республикасында ономастикалық атауларды реттеудің әдістемесі бар. Онда жер-су атауларына байланысты тарихи құжаттар, архив материалдары, карталар табылмаса жергілікті халықтардан алынған ақпарат ресми құжат болып саналатыны айтылған. Мұның бәрі хаттамаға тіркеледі. Сіздердің облыстарыңызда бұл жұмыс желтоқсан айына дейін жалғасады. Желтоқсанда біз министрлік алдында есеп береміз. Құрманғазы ауданында 264 қоныстар, аралдар, төбешіктер, көлдер, ескі мекендер және басқалары орысша аталады екен. Солардың қазір осы жерде аттарын өзгертіп, базаға енгізейік. Қолма-қол атауға тағы болмайды, дерек қажет. Ол жердің бұрыннан атауы немесе төбе, қорым басқа белгі болса соны басшылыққа алайық. Ал, бүгін өзгерте алмағанымызды алға қарай бізге жіберерсіздер. Мысалы, Ертіс өзенінде орысша аталған 178 арал бар екен. Ертең Ресей бұл біздің жер десе ежелден қазақтікі екенін қалай дәлелдейміз. Соның бәрін қазақшаға өзгерттік, – деп ортаға ой тастады.

Қатысушылардан Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, танымал ақын Таңатар Дәрелов, өлкетанушылар Ержан Ғайнетов, Мұқар Шаяхметов, Ғизатолла Мүрсалиев және басқалары атауларды өзгертуге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT