Игерілмеген жерлер аз емес. Округтерде өткен жиналыстарда осы мәселе жиі көтеріліп жатады.
Бір адамдар жерді алғанымен оны мақсатты түрде пайдаланбайды. Шөбін шауып, соны сатып отыра береді. Енді біреулер жеке кәсібін ашып, мал ұстап, егін салып шаруасын құрайын десе, жер жоқ. Осыдан келіп түсінбестік туындайды. Бүгінде игерілмеген жерлер ауданымыз бойынша да қайтарылу үстінде.
Бұл жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах:
– Атырау облысы Құрманғазы ауданының жер қоры 2 млн. 86 мың гектарды құрайды. 2022 жылдың жер теңгерімі есебіне сәйкес 516473 га жердің ішінде алқап түрлері егістік- 313, көп жылдық екпе-17, тыңайтылған-205, шабындық-20305, жайылым-460078 гектар. Босалқы жер - 1456412 га болса, оның ішінде жайылым -1291853 га. Жыл ішінде аудан бойынша жер комиссия мәжілісінің 20 отырысы өткізілді. Комиссия қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 43 бабы және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңына сәйкес, 323 өтініш қаралып, оның ішінде 207 өтініш қанағаттандырылып, 116 өтініші Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне сәйкес түсіндірілді. Пайдаланылмай отырған ауылшаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жалғасуда. Соның нәтижесінде, мақсатына сәкес игерілмей отырған жалпы көлемі 30423 га 53 жер учаскесі, оның ішінде 14947 га жайылым, 100 га шабындық, бағалау құны 62 257 100 теңгені құрайтын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар космомониторинг арқылы аудан бойынша 71 тұлғаның көлемі 72465,78 га игерілмеген жері анықталып, осы учаскелерді мемлекетке қайтару үшін, Атырау облыстық Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Осы қайтарылған жайылымдық жерлер шаруа қожалықтарына және жеке шаруашылықтарға конкурстық негізде табысталады,– дейді.
Бөлім басшысының мәлімдеуінше «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қағиданы басшылыққа алып 2022 жылы 1 конкурс ұйымдастырылған. Конкурс қорытындысы бойынша 7 302 га, оның ішінде 255 егістік, 467 шабындық, 6580 гектар жайылым жерге жарияланған 49 лот бойынша түскен 103 өтініш қаралып 34-і қанағаттандырылған. Егістік -140, шабындық-460, жайылым-4500, жалпы аумағы 4920 гектар жер шаруасын құрамын дегендерге беріліп отыр. Шағын кәсіпкерлік субъектілері арасындағы сауда-саттыққа (аукцион) 12,8205 гектар болатын 17 жер учаскесі шығарылып, оның ішінде 6 жер учаскесі (6,2825 га) 3 жыл уақытша өтеулі мерзімге берілген. Жер учаскелерінің бастапқы сату бағасы 869 394 теңге болып, мемлекетке 8 808 918 теңге қаражат түскен.
Бүгінде аудан бойынша 2442 тұлға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесінің кезегінде тұр. Тарқатып айтсақ Еңбекші ауылдық округінен-250, Орлыдан-152, Байдадан-132, Құрманғазыдан-1735, Қиғаштан-36, Мақаштан-33, Ақкөлден-89, Бірліктен-3, Дыңғызылдан-12 адам.
Қанат ҒҰМАРОВ