Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің өсіп-өркендеуінің жолын кесер қатерлі құбылыс. Ол қылмыстың көбеюіне, халықтың атқарушы билікке деген сенімінің жоғалуына, ел ішінде наразылықтың артуына соқтырады. Тіпті мемлекеттің түбіне жетуі де мүмкін. Ежелгі римдіктер: «Үстіне алтын артқан есектің алмас қамалы жоқ» деген екен.
Бірде ресейлік сайтта Кеңес Одағының жемқорлықпен қалай күрескені жарияланды. Сталин тұсында оларға ату жазасын, мүлкін тәркілеп лагерьлерде ондаған жыл отырғызуды қолданған екен. Хрущев бас бостандығынан айырып, түрмеге тыққан. Елді он сегіз жыл Брежнев басқарғанда жемқорлықпен күрес бәсеңсіген. Андропов билік басына келісімен жемқорлықпен аяусыз күресті қайтадан қолға алған. Лауазымды қызметте жүріп, қоғам мүлкіне қол салғандарды орнынан алып, темір тордың арғы жағына аттандырған. Өздеріне тықыр таянғанын сезген жоғары жақтарда отырған жемқорлар Андроповтың көзін жойып тынған. Кеудесін әрең сүйреп жүрген Черненконы көз қылып, уақытша мемлекет басшысы қылған. Ол өлісімен Горбачевті билікке әкелген. Міне, осы кезден бастап мемлекет мүлкін таран-таражға салу басталған. Жемқорлық жоғарыдан төменге дейін жайлаған. Америка осыны өз мүддесіне тиімді пайдаланған. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы КСРО-ның жаңа басшысын мұқият зерттеп, оған ірі көлемде қаражат тықпалау арқылы Одақты құлатуға болатынын жақсы түсінген. Ақыры, солай етіп тынған. Текетіресте жеңілмеген елді, сатқынның көмегімен жойған. Осыны оқып отырып, жемқорлықтың қандай қауіпті екенін бағамдайсыз. «Жемқорлықты сатқындыққа, ал, жемқор шенеуніктерді сатқындарға жетінші буынға дейін теңестіру керек» деп, Израильдің саяси және мемлекет қайраткері, осы елдің бесінші премьер-министрі болған Голда Мейр дұрыс айтқан. Бүгінде сыбайлас жемқорлық Қазақстанның ғана емес, дүние жүзінің бас ауруына айналды. Тамырын тереңге жайған індет – жемқорлық кездеспейтін ел әлемде жоқтың қасы. Өткен жылы ең жоғары рейтингі бар мемлекеттерде кәсіби адалдықты анықтағанда олардан да сыбайлас жемқорлық фактілері табылған.
«Жай жүргеннен, жей жүрген жақсы» деген оймен өмір сүретіндермен күресті күшейту мақсатында 2022 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің №802 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Себебі, сыбайлас жемқорлық елдің дамуына да кедергі. Жеңіл жолмен баюды көздегендердің кесірінен құрылыс нысандары уақытымен бітпей, аяқталғаны сапасыз шығып жатады. Ішінде бірге болуы тиіс құрал-жабдықтар алынбайды. Қабылдаушы шенеуініктерге ақша тыққаннан кейін, олар осының бәріне көз жұмып қарайды. Лауазым иелері мұндай әрекетке баратындай, елдің ертеңін ойламайтындай оларға не жетпейді екен деп ойлайсың. Бастығының мұндай әрекетін көрген қарапайым қызметкерлер де құлқын қамына көшеді. Барға шүкіршілік етпейтін, адал жолмен ырыздығын табудың орнына өзіне сенген мемлекетке опасыздық жасайтын мұндайларды Голда Мейер айтқандай ұрпақтарымен сатқындар қатарына жатқызу керек. Мемлекет бұларды аяусыз жазалап, өздерінің ғана емес, туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеп қаңғытып жіберуі тиіс деп санаймын. Өмірін қайта бастап, бәрін еңбегімен тапсын.
Бұрын «Шенеуінікке пара бересің, пара бермесең бара бересің» дейтін еді. Құжаттарды электронды түрде алу өмірімізге еніп және сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтілген соң жағдай түзеле бастады. Алайда, жемқорлықпен күрес – жалпыхалықтық іс. Оны тек мемлекеттің мойынына арта салып қарап отыруға болмайды. Көз жұмып қарасақ, бәрі бетімен кетеді. Бүгін біз өмір сүріп жатқан елде, ертең ұрпақтарымыз ғұмыр кешеді. Оларға да осы «дерт» жұқпасына кім кепіл?! «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қимылдасақ қана жемқорлықты тежей аламыз. Еліміздің болашағына алаңдайтын әрбір патриот бұл күрестің алғы шебінде жүруі керек.
Әрине, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері сыбайлас жемқорлықпен күресіп келеді. Нәтижесі жоқ емес. Отыз жылдан аса уақытта өзінің қалтасы мен мемлекеттікін шатастырғандар мен біреуден бірдеңе алмаса ішкені ас болмайтындардың талайы темір торға қамалып, жегені желкесінен шықты. Десек те, жемқорлықтың тамырын қиып түсу әлі де мүмкін болмай тұр. Сондықтан ортақ істен шет қалмайық.
Айнагүл Шакупова