Жемқорлық деген жегі құрт

(0 Votes)

Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Иә, жемқорлық дерті қазіргі қоғамда ең өзекті мәселеге айналды. Президент әрбір Жолдауында да осы мәселе аясында нақты міндеттер жүктеп, тақырыпты күн тәртібінен түсірмеуге пәрмен берді. Өйткені, біздің елде де сыбайластық салмағы тым ауырлап тұр.

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай келеді. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.

Біз өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз, экономикалық реформалар мен дағдарыс кезеңі, трансформация уақыты. Зерттеулерге сәйкес, жемқорлық – қоғамның негіздерін бұзады, дамуға қауіп төндіреді. Мемлекеттік органдарға деген сенімділіктің төмендеуіне ықпал етеді және қоғамның экономикасы мен моралын бұзады. Бұл дертпен күресу әлемдік саясат, онымен күресу мемлекеттік міндет. Өйткені, елдің ертеңіне, баянды болашағы мен кемел келешегіне балта болып шабылатын шырмауықтан құтылу өте маңызды. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлықтың үлкен кемшілігі, ол мемлекеттің экономикалық салаға зиян тигізіп, елдің және оның әрбір азаматының жалпы әл-ауқатын төмендетеді. Бұған қоса, мұның бәрі халықтың үкіметке деген сенімін жоғалтуы мүмкін.

Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін заңнаманы жетілдіру арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, жеке азаматтармен және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сонымен бірге, мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отырғаны белгілі. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күннің басты мақсаты. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барша ел азаматтарының азаматтық борышы.

Жегі құрттай жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюда Сингапур елінің саясатын көбірек мысалға келтіреді. Сингапурдың Премьер-министрі болған Ли Куан Ю билікке келгенге дейін бұл ел жемқорлықтан көз ашпаған ең кедей халықтар тізіміндегі ел болатын. Бұл елдің дамуына өз елінің мемлекеттік қызметкерлерінің жемқорлығы кедергі болды. Сол үшін билікке келісімен Ли Куан Ю ең алдымен жемқорлықпен күресті қолға алып, парақор басшылар мен қызметкерлерді заң жүзінде жазалап, абақтыға жапқызды. Ол тіпті өзінің жақын досы мен бауырын жемқорлық əрекеті үшін темір тордың арғы жағынан бірақ шығарған деген де деректер бар. Бұл жайында Ли Куан Ю өзі: «Егер сіз жемқорлықты жеңуді қаласаңыз, достарыңыз бен туыстарыңыздан əрқашан бас тартуға дайын болыңыз» деген екен. Төле бише айтсақ: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – дегенге саяды. Осы қағиданы ұстанған Ли Куан Ю өзі мемлекетін басқарғанда жемқорлықпен күресті ең бірінші мəселе етіп қойып, 31 жылдың ішінде өз елін əлемге үлгі қылатын бай əрі жемқорлықсыз мемлекетке айналдырды. Ол үшін Сингапурда мемлекеттік қызметкерлер мен судьялардың, дəрігерлер мен полиция қызметкерлерінің жалақыларын бірнеше есе өсірді. Осылайша Сингапур қазіргі таңда өзге елдерге үлгі бола алатын, жемқорлықсыз елдердің ең үздік үштігінің қатарына енді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT