Nur Otan партиясының аудандық филиалының мәжіліс залында Саяси Кеңес Бюросымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынды кеңес төрайымы Гүлжаннат Қалиева ашып жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелерді атады.
Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жағдайы және ұйымдастырылған шаруашылықтардағы мал басының өсуі бағытындағы атқарылған жұмыстар жөнінде бөлім басшысының орынбасары Марат Хасанов хабарлама жасады. - Өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы мүйізді ірі қара 3 пайызға, қой-ешкі 1 пайызға өсті. Жалпы мал басының есебіндегі ірі қара малдың үлес салмағы 39,8 пайыз, ал ұсақ малдың үлес салмағы 44,3 пайызды құрап отыр. 6 шаруа қожалық мүйізді ірі қара малдарын асылдандырумен қарқынды айналысуда,-дей келе, сыбайлас жемқорлыққа қатысты мүдделер қақтығысы орын алмағанын, мемлекеттік қызметшілерден шағым түспегенін жеткізді.
Қоғам дертінің алдын алу мақсатында оздырылған іс-шаралар туралы Құрманғазы аграрлық-техникалық колледжі директоры Болатбек Утегенов ақпарат берді. Мәліметінше, «Рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру» бағдарламасына сай 2016 жылы іргесі қаланған колледжішілік «Адал ұрпақ» еріктілер клубы бар. Олардың ұйымдастыруымен «Парасатты азамат» бұрышы жасақталған. Сондай-ақ, оқу орны жанынан құрылған «Парасаттылық» мектебі мен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты студенттер клубы да көптеген тәрбиелік мәні зор бастамаларды жүйелі жүзеге асырып келеді.
Ал, аудандық жастар ресурстық орталығының бас маманы Қайыржан Сидеғалиев орталықта аталмыш бағытта карантиндік шектеулерге байланысты көп жұмыстар онлайн форматта өтіп жатқанын айтты. Адал табыс табуды насихаттайтын арнайы хабарландырулар мен видеороликтер әлеуметтік желілерде жиі жарияланатынын қаперге берді.
Кеңес төрайымы Гүлжаннат Қалиева кеңес мүшелерімен бірге бекітілген жоспарға орай зерделеу ісі нәтижесінде мекемелерде орын алған кемшіліктерге жіті талдау жасап, оны түзетуді тезірек қолға алу қажеттігін ескертті. Жиынға қатысушылар негізгі тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, бірлесіп жұмыс жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Еркеназ Қалижан