16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесіне орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Құрманғазы аудандық бөлімшесінде Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен кездесу өтті.
Оған 1986 жылы Алматы қаласындағы оқиғаға куә болған аудандық ХҚКО-ның қызметкері Люба Қайыржанқызы, Б.Бегалиев орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Людмила Алексейқызы, мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты. Шараны аудандық музейдің тарихшы маманы Жазира Мадирова жүргізді. Алдымен Желтоқсан туралы бейнролик көрсетіліп, оқушылар өлең оқыды.
Б.Бегалиев орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Людмила Алексейқызы 1986 жылдың желтоқсанын еске алып:
– Ол кезде мен Алматы педагогикалық институтында екінші курста оқып жүрдім. 15 желтоқсан күні кешке жатақханамызға бәрі бірдей киінген жігіттер келді. Бізге Дінмұхамед Қонаевтың орнына басқа жақтан Колбин деген біреуді әкеліп қойып жатқанын, оның дұрыс емес екенін, әр ұлтты өзінің өкілі басқаруы қажеттігін айтты. «Колбин кетсін!» деген ұрандар жазып, 16 желтоқсан күні қаладағы Брежнев атындағы алаңға митингіге шығуға шақырды. Сол күні түнде олар айтқан ұрандарды жазып, дайындап қойдық. Ертеңіне сабақтан сұранып кетейік десек, деканымыз «Митинг деген жақсы нәрсе емес, бармайсыңдар» деп босатпады. Дегенмен, қасымда жататын қыздар ебін тауып шығып кетіпті. Алаңға шықпағанымызбен қарулы әскерлердің, сойыл ұстаған жасақтардың шұбырып өтіп жатқанын көрдік. Брежнев алаңында қантөгіс болғанын, жастарды соққыға жығып, қақаған аязда жұқа киімдерімен көлікке тиеп, қала сыртына апарып тастағанын естідік. Тіпті дүкенге барғалы шыққан студенттерді де аямаған. Үсіп кетіп, қала шетіндегі жылыту қазанына келіп сол жерде өмірден өткендер бар. Біздің институттан біраз студенттерді оқудан шығарды. Алайда, бір жылдан кейін қайта алды. Балалар тәуелсіз ел болғанға ештеңе жетпейді. Бодан болсаң сені адамға санамайды, пікіріңмен санаспайды, сөзіңді айта алмайсың, – деп сол жылдар жайлы әсерлі әңгімеледі.
Алматыдағы оқиғаға куә болған аудандық ХҚКО-ның қызметкері Люба Қайыржанқызы:
– Біз қала шетіндегі халық шаруашылығы институтының 4 курс студенті едік. Бәрін көзімізбен көрдік. Шетте жатқаннан кейін бізге тиіскен жоқ. Орталық алаңда орын алған оқиғадан хабардармыз. Оның бәрі жаңа айтылып өтті. Алаңға жақын орналасқан оқу орындарына қарулы адамдардың баса-көктеп кіріп, студенттерді соққыға жыққанын білеміз. Қазақ жастары күш тең болмаса да алаңда ерлікпен қарсыласты. Кейін 1991 жылы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып жарияланды. Міне, 33 жыл бойы дербес ел болып келеміз. Тәуелсіздік сіздерге аманат жастар. Болашақ сіздердікі. Ұялы телефонда отыруды қойып, жақсы білім алып, ержеткен соң елге қызмет етіңіздер, – деді.
Келесі кезекте өз пікірлерін айту үшін ардагер ұстаз Маржан Мирасова, Абай атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ғалия Жағыпарова, аудандық жастар ресурстық орталығының заңгері Ахмет Бақтығұлға сөз берілді. Кездесуді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Құрманғазы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Жазира Хайрошева қорытындылап, қатысушыларға ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар мен кітаптар табыс етті.
Қанат ҒҰМАРОВ