Жеңіс Абулхайыровты мерейлі 60 жасымен құттықтады

(0 Votes)

Аудан әкімдігінде Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Өренді өлкетанушы» клубының мүшесі Жеңіс Абулхайыровты мерейлі 60 жасқа толуына орай қабылдау ұйымдастырылды.

Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев қатысты.

Аудан  әкімінің орынбасары Марат Ізмұханұлы мерейгердің өмірбаянын, еңбек жолын таныстырып: – Алғаш еңбек жолын 1988 жылы «Коммунизм жолы» кеңшарында ферма зоотехнигі, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып бастады. 1992-1995 жылдары Мақаш Бекмұханбетов атындағы ұжымның ауыл шаруашылығы кәсіпорнында ферма зоотехнигі, 1995-2007 жылдары ферма меңгерушісі, 2007-2012 жылдары өндірістік кооперативтің мал шаруашылығы бөлімінің басшысы, 2012-2013 жылдары атқарушы директоры, 2013 жылдан  «Мақаш» өндірістік кооперативінің директоры және төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Еңбегі еленіп аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, ауданның құрылғанына 90 және 95 жылдық мерекелік медалдарымен, «Сапа» орденімен, «Өренді өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталды. 2022 жылы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Жеңіс Қалижанұлы басқарған «Мақаш» ӨК-і республикалық «Қараөткел» жәрмеңкесінде 2009 жылы екінші, 2010 жылы бірінші, 2011 жылы бас бәйге «Алтын белгіні» алды, – деп Құттықтау хатын табыс етті.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев: – Жеңісті айтсам, көз алдыма Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің толық иегері Ғизат Әліпов келеді. Сол ағамыз сияқты қандай жұмысты да абыроймен атқарды. Екеуіне тән ортақ қасиет мойынына алған жұмысты бар күш-жігерімен жасап, аянбай еңбектене білгендерінде. Бауырларын әкесі өмірден өткеннен кейін қамқорлығына алды. Жолдастыққа адал, ешкімді сатып кетпейді. «Өренді өлкетанушы» клубының белсенді мүшесі ретінде Мақаш ауылдық округінің жоғын жоқтап, шежіре кітабын шығаруға жұмыстанып жүр, – дей келе шапан жауып, естелікке кітабын сыйға тартты. 

Осындай ақ жүректен шыққан игі тілектер Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жұмақай Ғұмаров, інісі Жарқын Қалижанұлы, Мақаш ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қадыров, жеке кәсіпкер Бержан Кенжебаев, «Мақаш» ӨК ұжымы атынан Оңдыбай Мусин тарапынан да айтылды. Соңында Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Абулхайыров көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT