«Жедел жәрдем» көліктері табыс етілді

(0 Votes)

Аудандық емханада «Мәртебелі еңбектен құрметті зейнетке» атты салтанатты шара өтті. Шара барысында зейнеткерлік және мерейлі жасқа жеткен, медицина саласында жұмыс жасап жүрген ақ халатты абзал жандар мен қызметкерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, бірнеше ауылдық округтегі дәрігерлік амбулаторияларға «Жедел жәрдем» жеңіл көлігі табысталды.

Емхананың акт залына бос уақыттары бола бермейтін медицина қызметкерлері молынан жиналыпты. Бәрінің де жүздері жадыраңқы. Залда ерекше, жанға жайлы атмосфера қалыптасқан. Әр округтен келіп жатқан бір топ мерейгерлер құрметпен қарсыланып, алдыңғы орындарға жайғастырылды. Марапаттауға шақырылғанда олардың өмірбаяндары мен фотосуреттері экраннан көрсетіліп, дауыс күшейткішпен еңбек жолдары, атақтары мен марапаттары оқылды.  

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сайда Зулкашева: – Алыстан ат арытып келіп жатқан барлық әріптестеріме мың да бір рахмет! Алланың нұры жаусын, еліміз тыныш, халқымыз аман болғай деймін. Медицина саласында кез келген адам жұмыс жасай алмайды. Университетте оқып жүргенімде бір профессор: «Соның ішінде ауылдық жерлерде еңбек ету қиындау. Ауылда сенен медицинаның қай саласы бойынша оқығаныңды сұрамайды, дәрігер деп алдыңа келеді», деген еді. Сондықтан бұл салада 40-50 жыл еңбек етіп, өзінің жастық шағынан бастап осындай мерейлі шаққа дейін бар өмірін медицинаға арнаған ағаларымыз бен апаларымыз бүгін ортамызға келді. Біз бір командамыз. Қандай жұмысты да бірігіп жасаймыз. Жылыту қазанының операторы, күзетші болып қызмет ететін ағаларымызда мерейжасқа жетті. Олар бізге жағдай туғызбаса жұмыс істей алар ма едік? Бүгін барша мерейгерлерімізді әріптестеріміздің атынан құттықтап, жылы сөзімізді айту үшін ортаға шақыруды жөн көрдік. Бұл жерде зейнеткерлік жасқа шықса да әлі еңбек етіп жүргендері де бар. Сіздерге үлкен ризашылығымды білдіріп, алдарыңызда бас иемін. Осында 2013 жылы келіп, еңбек жолымды бастап, бүгінгідей дәрежеге жетсем, ол бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Жастарымызға сіздердің жолдарыңызды берсін, өздеріңізді мақтан тұтамыз, әрқашан биіктен көре берейік. Бәріңізге де амандық, денсаулық тілеймін, әдемі қартаюды Алла нәсіп етсін! Ауданымызға 7 дана шетелдік «Жедел жәрдем» жеңіл көлігі келіп отыр. Оның үшеуін емханада қалдырып, қалғандарын округтерге табыс етеміз, – деп медицина саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Рыздықханым Дяроваға «Ардақты ана» төсбелгісін табыс етті. Ардагерлер Рахметолла Нысанов, Лиза Шайхимова, Галина Чаплыгина, Замира Орналиева, Алтынай Қисамеденова, Айша Қайырмеденова, Валентина Караменова, Сәния Алдамжарова, Әлім Қисамеденов, Мамликат Марданов, Жасин Ерғазиев, Мерген Зинетуллин, Аймансұлу Түнғатароваға аудан әкімінің Алғыс хаттарын және сый-сияпаттарын ұсынды. Барлығына да әріптестері мен отбасы мүшелері атынан құшақ-құшақ гүлдер берілді.

Соңында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Саида Уахапқызы округтерге «Жедел жәрдем» көліктерінің кілтін табыс етіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары шара барысында әсем әндер орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT