Аудан әкімі Қайрат Талапұлы салынып жатқан жаңа ауруханаға барған облыс басшысымен әңгімесінде: – Азғыр өңірінде біреу соқырішекпен ауыра қалса көмек көрсететін дәрігер-хирург жоқ.
Жаңа аурухана ашылған соң бұрынғысындағы құрал-жабдықтарды қыр бойындағы ауруханаға беріп, бір дәрігер ұстауға болмай ма? Егер оған мүмкіндігіміз тартпаса, іргелес Ресейдің Харабайлы қаласында емделуін шешуіміз керек. Қазір ауырған адамдар үш жүз шақырымдық қиын жолмен жүріп аудан орталығына келеді. Екіншіден, ауа райы қолайсыз жағдайда санавиация ұшпайды. Шұғыл көмек керек ауруларды сонда облыс орталығына қалай жеткізеді? Сондықтан Құрманғазы ауданымен екі араға «Жедел жәрдем» пойызын шығарса жақсы болар еді. Әрі ауру адамға қалаға барғанша көмек көрсетіледі. Қазір жол жамандығынан дертке шалдыққандарды облыс орталығына апару оңайға түспеуде, - деді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов Азғыр өңірінде бір хирург ұстау мүмкін еместігін жеткізді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пойыз шығару жөнінде «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен сөйлесіп, шешуге тырысатынына сендірді.
Қанат ҒҰМАРОВ