Менің арғы аталарым - Хилау, Құрмаш Ұлы Отан соғысына 1942 жылы 10 қаңтарда, Шабат 1938 жылы Фин соғысына шақырылған.
Алғашқы екеуі соғыста майдан даласында 1942 жылы қараша айында қаза тауып, кейінгісі хабарсыз кеткен деген қаралы қағаз ғана сақталған.
Хилау атам соғысқа дейін "Жаңа талап" балық колхозында балықшы болды. Кейін Гурьев - Астрахань шойын жолын салу жұмысында істеді. "Стахановшы" озат жұмысшы атанып, "Құрмет тақтасына" фотосуреті қойылды. Сол сурет әлі сақтаулы. Бір фотосы қалғанына да шүкіршілік.
Осындай қиын кезеңде ана құрсағында қалған біздің атамыздың дүниеге келуі - отбасына демеу болды. 1942 жылы наурыз айының 8-і күні менің атам жарық дүние есігін ашты. Әкесі соғыстан аман келсін деген тілекті ырым етіп, атын Аманкелді деп қойған. Артында тұяғы қалды, әкесінің шаңырағын ұстайды деген игі сенім мен үміт, отбасымызды болашаққа жетеледі.
"Өлгеннің артынан өлмек жоқ" дегендей, бар ауыртпалық үлкен әжеміз Мәсураның мойнына жүктелді. Отбасының сегіз мүшесін асырап - сақтау үшін әжеміз Мәсен жас сәбиін бесігімен жұмысына сүйрелеп жүріп, колхоздың егінін баптап, сиырын сауып, қамысын шауып, бел жазбай қажырлы еңбек етті.
Соғысқа көмекке азық-түлік жөнелтті, түнімен ұйықтамастан жүннен шұлық, қолғап, мойынша, сырмақ тоқып-тігіп майдандағы жауынгерлерге жіберетін болған. Осы еңбегі ескеріліп, Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен марапатталды. Қиын кезеңдерде әулеттің ұрпақтарын қамқорлап, қанатының астына алған Мәсура әже азаматының, елінің алдында аналық парызын абыроймен өтеді.
Қымбатты рухы биік, әулетіміздің бабалары: Хилау ата, Құрмаш ата, Шабат ата! Кейінгі буынға өнеге алатын өмір жолдарыңызға бас ие отырып, Сіздерді әрқашан мақтан етеміз. Туған жерлеріңіз Хиуаз ауылында, облыс орталығы Атырау қаласында Ұлы Отан соғысының боздақтарына арналған мемориалдық тақталарда есімдеріңіз үлкен әріппен жазылды. Есімдеріңіз "Боздақтар" кітабына енді.
Ұлыңыз Аманкелдіден Армангүл, Ринад атты немерелеріңіз өркен жайды. Бүгінде олардан шөберелер мен жиеншарлар өрбіп, шаңырақтың жалғасы болуда. Отбасымыз "Ұстаздар дәстүрлі жанұясы" деп аталады. Атам: Аманкелді Хилауұлы 40 жыл мектеп директоры, әжем Ирина Ихсанқызы - ардагер ұстаз. Екеуі де жоғары санатты педагог, "Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі".
Ұлпан Амангелдиева,
Н.Манаев атындағы жалпы орта мектептің оқушысы