Ауыл шаруашылығы саласында, агроөнеркәсіп кешенінде өмірге келген жобаларды қаржыландыра отырып, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан құрылымның бірі – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ.
Кәсіп бастап өзін де, өзгені де жұмыспен қамтимын деген жандарға аталған корпорация жеңіл пайызбен несие беріп, жұмысының жолға түсуіне қолғабыс етіп келеді. Нақтырақ айтсақ, микроқаржыландыру ұйымдары бірнеше салаларда бизнесті дамытуға көмектеседі. Жеңілдетілген несие ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, шағын бизнес өкілдеріне, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытып жүрген тұлғаларға өз бизнес-жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі. Аталмыш корпорацияның Атырау облысы бойынша филиалының қызметкерлері ауданымызға іссапармен келіп, Сафон, Шортанбай, Ақкөл, Құрманғазы ауылдық округтерінің тұрғындары, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, шаруа қожалық иелерімен кездесу ұйымдастырды. Топ құрамына аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы аудандық филиалы, аудандық жұмыспен қамту орталығының өкілдері еніп, жиналыс барысында туындаған грант алу, жеке кәсіп ашу, мал азығына субсидия төлеу, бизнес-жоспар әзірлеу бойынша сұрақтарға толыққанды жауаптарын берді. Кездесу барысында аталған қаржы институтының менеджері Мереке Бисенов «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде іске қосылған «Іскер» бағдарламасының артықшылықтары мен құжаттарды жинақтаудағы үміткерлерге қойылатын талаптардың жеңілдіктері туралы түсінік берді. Аталмыш бағдарлама мал шаруашылығы мен кәсіпкерлік бағытты қаржыландырады. Оған өзін-өзі қамтушылар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жұмыссыз және кәсібін енді бастаған адамдар қатыса алады. Мал шаруашылығымен айналысамын деген жандарға бес миллион теңгеге дейін 6 пайызбен 7 жылға беріледі. Мал шаруашылығын дамытуға несие алатындарға бұрынғыдай мал бағатын жер талап етілмейді. Әрбір несие алушының өзінің тіркелген мекенжайында ауласы, қорасы болса жеткілікті. Ал кәсіпкерлік бағытқа да 6 пайызбен алты миллион теңгеге дейін 5 жылға беріледі. Оның ішінде әртүрлі кәсіпкерлік мақсат бар. Айта кетер жайт, бағдарламаның бұрынғыларынан ерекшелігі «Бизнес-Бастау» бағыты бойынша оқыған сертификат талап етілмейді және жұмыспен қамту орталығынан жолдама сұралмайды. Жалпы, қай бағытқа да несие алатын адамға міндетті түрде кепіл керек. Кепілге жылжымайтын мүлік те, жылжитын мүлік те қоюға болады. Оған қойылатын талаптар әрбір кепілдің орналасқан жеріне байланысты бағаланады.
Қалай дегенмен, тұрғындардың мүмкіндікті молынан пайдаланып, жеңілдетілген несиемен кәсібін жолға қоюы – елдің әлеуметтік- экономикалық жағдайына қолдау болып табылмақ.
Айнагүл Шакупова