31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Боздақтар алаңында «Азалы тарих – асқақ рух» атты еске алу шарасы өтті. Шара зұлмат жылдарда жазықсыз қудаланып құрбан болғандарды, Алаш қайраткерлерін, соңына шам алып түскендердің кесірінен туған жерінен еріксіз кетіп, жат жерде көз жұмағандарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Боздақтар алаңында саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне Құрманғазы ауданы әкімдігі, аудандық мәслихаттың депутаттар корпусы, аудандық қоғамдық кеңес, «Amanat» партиясы аудандық филиалы, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі, тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдар мен әскери қақтығысқа қатысушылар аудандық филиалы, Чернобыль апатын жоюшылар қоғамдық бірлестігі, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, аудандық жастар ресурстары орталығы атынан гүл шоқтары қойылды. Қуғын-сүргі құрбандары Халел Досмұхамедов, Нұғыман Манаев, Халит Ақботин, Асфендияр Кенжин, Серікқали Жақыпов, Қадір Оспанов, Мүсіреп Әспембетов, Өтеп Әлиев, Досқали Құлбаев, Қадір Құспанов, Сағындық Нұрғалиев,Мұхаммед Шариф Бекбаев, Карим Шекмұхамбетовтің есімдері еске алынды.
Шарада саяси қуғын-сүргін құрбандары атынан Сатыбалды Каменов сөйлеп, туған нағашысы Ибрайым Насырдың кезінде Қазақ КСР Атқару комитетінде істегенін, Алматыда мектеп директоры болғанын, 1937 жылы 7 желтоқсанда ешқандай сотсыз үштіктің шешімімен жазықсыз атылғанын айтып, Боздақтар алаңында зұлмат жылдар құрбандарының аттары жазылған тақта қойылуы қажеттігін айтты.
Қанат ҒҰМАРОВ