Жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлының үш кітабының тұсаукесері өтті

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде қазіргі қазақстандық патриотизм үш тұғырға негізделуі керек деген тұжырымын білдіріп, «Бірінші, патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең ұғынудан басталады.

Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте маңызды. Түп-тамырымыз мыңжылдықтарға ұласады. Мұны мақтаныш сезіммен айту – парыз» деп атап өткен болатын. Президентіміз айтқанындай, төл тарихымыз бен түп қазығымызда түгендеуде елеулі еңбек етіп жүрген белгілі өлкетанушы, академик-жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиұлының  «Көкше-Полиграфия» баспасынан жақында ғана жарық көрген  үш кітаптан тұратын «Өрнектер», «Жерұйығым», «Қыран-қияда» атты туындыларының тұсаукесері болып өтті.

9671f862-a172-4232-b09a-4c47a4db21cf

Тағылымды шара Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторының өмір жолдары туралы бейнероликпен басталып, аудандық ішкі саясат, мәдениет  және  тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанованың алғысөзімен жалғасын тапты.

Биік тауға жарасар

Ығынан тиген пайдасы,

Терең суға жарасар,

Тобылғылы саласы.

Ер жігітке жарасар,

Қолына алған найзасы.

Би жігітке жарасар,

Халқына тиген пайдасы, - болып өрілетін Бұқар жыраудың толғауынан үзінді келтірген кештің жүргізушісі Ақмоншақ Төреханқызы Өмірзақ Қажымғалиұлын зор қошеметпен құрмет төріне шақырды. Мақаш ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ұлболсын Сәбитқызы «Қаламының ұшынан сыр төгілген» атты автордың бұған дейін оқырмандарына жол тартқан кітаптарына библиографиялық шолу жасады.

05caf569-b83f-4604-99a5-bce96bac7463

Бұдан соң тұсауы кесілгелі тұрған кітаптарды таныстыруға кезек беріліп, «Дерек пен пайым», «Өскен орта. Ұмытылмас сәттер», «Көңілдің көгінде» деп аталатын бір-бірімен астасқан үш бөлімнен тұратын «Өрнектер» кітабының мазмұнын аудандық оталықтандырылған кітапхананың қызметкері Людмила Рахметова жиналғандардың жадына беріп өтті. – Кітап ақын-журналист Таңатар Дәрелұлының «Абыздың арқауы» деп аталатын кіріспе мақаласымен бастау алады. Ол кітапты жан-жақты талдай келе, «Қысқасы, «Өрнектер» кітабының  бояуы қанық, айтары анық. Азаматты тұлғалыққа, жас ұрпақты  отаншылдық  рухқа үндейді. Шынымен де, өмір өрмегінің өрнекті іздері» деп жоғары  баға береді. «Дерек пен пайым» бөлімінде «Тек - тектілік» жөнінде ой толғаулары, ноғай-қазақ руының шығу тарихы жөнінде көптеген мағлұматтар келтіріледі. Еліне еңбегі сіңген тұлға, Қазақстанда  алғаш рет дәріхана ашуды  ұйымдастырушы   Мажит Шомбалов жөнінде де құнды деректер бар. Құрманқожа бабадан тараған ұрпақтар жайында айтылады. «Өмірдеректе» өз әулеті, анасы Сәмиян жайлы баян етіледі. «Көңілдің көгінде» тарауында танымал сөз зергерлері Рахымжан Отарбаев, Қойшығұл Жылқышиев, Өтепберген Әлімгереев жайлы жақсы сөздер кестелей төгіледі, - деген ол оқырмандарда тілі жатық жазылған кітаппен кеңінен танысуға шақырды.

«Жерұйығым» кітабымен Қошалақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Есмұхан Жанизин, «Қыран – қияда» кітабымен Теңіз ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жазира Өтешқызы таныстырды. Мұнда да Еділ-Жайық арасын мекендеген жұрттың түп-тұқияннан таратылған тарихы,  осы өңірде өмір сүрген, еңбек еткен асыл перзенттердің дерегі, өнегелі істері көрініс береді. Бұдан соң туындылардың тұсаукесу рәсімі жасалып, ортаға Өмірзақ ағамен бірге сыныптасы Зәуреш Лұқпанова, ардагер ұстаз Амангелді Хилауұлы шақырылды. Шарада бірнеше жыр кітаптарының авторы, ақын Нұрлығайын Нұғыманов, кітапхананың белсенді оқырмандарының бірі, прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсәлиев автор мен туындылар туралы жылы лебіздерін білдірді.

46de9b72-5255-4c5d-aa3d-56fc00c627ee

Оқырманға арнау ретінде сөз алған жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы қос өзенді егіз емген ескі жұрттың Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіздерден бастау алып, одан бергідегі абыз Әбумен, жыр Жұмекенмен, сыншы Зейнолламен, журналист-жазушы Рахметпен, классик жазушы-драматург Рахымжанмен, ақын-публицист Таңатармен, шағын әңгіме-повесть жазудың хас шебері Зарямен жалғасып, жауқазындай бүр жарған жас буын қос Бақытгүлмен, Еркеназ, Ақтілектермен үзілмеген әдебиет пен мәдениеті жайында кеңірек толғады.

Тағылымды кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар желісінің меңгерушісі Анар Мусина  қорытындылап, оқырманға ой салар мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатынынан хабардар етті. Көрерменге керемет көңіл күй сыйлаған кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Ерасыл Самиғоллаев пен Заря Қуанышқызы әсем әнге бөлесе, «Ақжелең» фольклорлық ансаблінің музыканты  Жазира Мухамединова шертпе аспабымен күй шертті.

 

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521