Жазғы лагерь – тиімді демалыс мекені

(0 Votes)

Аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, мектеп жанындағы күндізгі лагерь жұмыстарын жүйелеу, балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында «Жазғы демалысты ұйымдастыру - балалардың денсаулығын нығайтудың негізі» тақырыбында аудандық семинар-кеңесі өткізілді.

Оған қосымша білім беру ұйымдары, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, жазғы тынығу жұмыстарына жауапты мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагог ұйымдастырушылары, мектеп жанындағы тамақтандыратын лагерь басшылары, медбикелер, тәлімгерлер және Абай атындағы жалпы орта мектебінің «Балауса» жазғы тынығу лагерінің «Болашақ жастары» жасағының оқушылары қатысты.

Шара «Болашақ жастары» жасағының поэтикалық композициясы қойылымымен ашылды. Аудандық оқушылар үйінің директоры Мейрамгүл Шекетасова қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, оқушылардың жазғы демалысын ұйымшылдықпен, сапалы да қызықты өткізу мақсатында атсалысып жүрген педагогтарды аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен ұлығылады. 

Тамақтандыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар және инфекциялық аурулар мен жаппай тамақтан уланудың алдын алу шаралары туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы Қажмұрат Жасталапұлы айтып өтті. 

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенаты Дәулет Қайратұлы жазғы мезгілде орын алатын түрлі жазатайым оқиғалардың алдын алу, өрт және су қауіпсіздігінің талаптарын сақтау, соңғы уақытта белең алып жүрген көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлап кету жазатайым оқиғаларының алдын алу туралы жан-жақты түсінік жұмысын жүргізді. 

Аудандық оқушылар үйінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Ардақ  Қаржауова жазғы каникул кезінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруда басшылыққа алатын  есептілік көрсеткіш және нормативтік-құқықтық құжаттар туралы және қала сыртындағы лагерьлерге оқушыларды қамтуда басшылыққа алынатын құжаттарға тоқталды. Аудандық жас туристер бекеті спорттық туризм бөлімінің меңгерушісі Әділжан Әдебиетұлы аудан мектептерінде жылма-жыл дәстүрлі өткізілетін бір күндік шатырлық лагерьдің ұйымдастырылу жұмысымен таныстырды.

Семинардың практикалық бөлімінде аудан мектептері арасында күндізгі лагерь жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыруда шығармашылығымен танылып жүрген Абай атындағы жалпы орта мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мақсат Хайрбекұлы «Менің энергиям- менің жетістігім» интерактив шығармашылық жұмысын көрсетті. Мектеп жанындағы күндізгі тамақтандыратын лагерь жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, лагерь құжаттарын ұқыпты жасауда көзге түсіп жүрген Нұржау жалпы орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанаргүл Мұхлесова мектеп жанындағы «Жас ұлан» жазғы тынығу лагері жұмысының құжаттарымен таныстырып, тәжірибе алмасты. 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT