Мамыр туысымен ауыз судың жыры тағы басталды.
Өзім тұратын кіші Кресті ықшам ауданында құбырдың шүмегінен бір жұтым су тамбай тұрғанына көп болды. Бұл жағдайды айтып су жеткізуші мекемеге шағымданғанымыздан еш пайда болмай тұр. Айтатын уәждері таза ауыз су округ бойынша күнделікті беріліп отыр, бірақ кей тұрғындар суды өзге мақсатқа көп пайдаланып, ауылдың басына жетсе, аяғына жетпейтіндей қылуда. Мұны аудан басшылары да біліп отыр, әзірге қолдан келер дәрмен жоқ деп безектейді.
Өзеннің іргесінде ішерге суға жарымау деген ұят нәрсе екен. Есеп беру жиындарында әкім-қараларымыз жүз пайызға жуық ауыз сумен қамтып отырмыз деген ақпарларымен мақтанады. Нақты іс жүзінде олай емес, күннің салқын кездерінде су болғанымен жаз шыға қожырай бастайды. Қазір су бөгетке соғып тұр, қажетті суымызды жағадан тасып пайдаланып отырмыз. Ертең өр суы қайтқанда өзекшелер тартылып құрғап қалады. Құдығы барлар құйдырып ішеді, ал жоқтары қайтпек керек? Бұл бір ойланатын нәрсе, ауылдардың кестесін түзіп, кезекпен су жіберіп болса да тығырықтан шығудың ретін қарастыру қажет-ақ. Бұл жалғыз менің өтінішім емес, жаз бойына су жарымайтын көп тұрғынның жанайқайы деп білгейсіздер.
Рахмет ТОМАРҒАЛИЕВ, еңбек ардагері