«ZHAYIK BRAND FEST» көрмесіне қатысты

(0 Votes)

Атырау қаласында облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының «Визит-Атырау» туристік-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «ZHAYIK BRAND FEST» көрме фестивалі өткен болатын. Оған 200-ден астам кәсіпкер қатысып, табиғи былғары, ағаштан жасалған бұйымдар мен тігін және мүсін өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Аталған фестивальге ауданымыздан танымал қолөнер шебері Талғат Жұмалиевте қатысты.

Талғат Жұмалиев 2007 жылдан бері осы өнермен айналысып келеді. Бұған дейін Лондонда өткен көрмеге де қатысқан. «ZHAYIK BRAND FEST» көрмесіне жерлесіміз ағаштан жасалған түрлі тұрмыстық бұйымдарды, гравюра, яғни, ағаштың бетін ойып бейнелеу және сонымен қатар, оған күйдіру арқылы салынған портреттік жұмыстарын апарды. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай көрмелер қолөнер шеберлеріне өз өнімдерін нарыққа шығаруға және бастамаларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді. 

Облыс орталығында алғаш рет өткізіліп отырған көрмеге аймақ басшысы Серік Шәпкенов қатысып, аралап, шеберлермен тілдесті. – Бабадан қалған қолөнерді сақтау біздің басты мақсатымыз. Ұлттық өнерімізді жалғастырып жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлі де болса көзі көрген, өзінің әке-шешесі немесе ата-әжесінен үйренген өнерін кейінгі буынға жеткізген аға буын ағаларымыз бен әжелеріміз осы залда қатысып отыр. Бұл тек қана қолөнерді ғана жақсы дамытып қоймайды, біздің қазақ екенімізді дәлелдеп, өзіміздің рухымызды, ұлттық патриоттық сезімімізді оятатын нәрселер, дүниелер. Біз өзіміздің ата-бабаларымыздан, ежелден келе жатқан қолөнерімізді сақтап, болашаққа жеткізуіміз керек, – деген облыс әкімі Серік Жамбылұлы, қазақи құндылықтарды дәріптеген ұлттық өнерімізді дамытуға әрдайым қолдау көрсететінін айтты.

Фестиваль соңында қатысушыларға түрлі аталымдар бойынша сертификаттар табыс етілді. Қатысушыларды қызықтырған кейбір дүниелер саттыққа шығарылды.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT