Жаяулап газет тасыған...

(0 Votes)

«Қазпошта» АҚ-ның Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабының қызметкері Серік Медеуовті аудан орталығында көбі таниды.

Қолына газеттер салынған пакетін ұстап алып кетіп бара жатады. Жаңа шыққан басылымдарды бізге жеткізіп, амандасып шығуды да ұмытпайды. «Жазылу нашар! Қолға алмасаңдар болмайды»деп одан да хабардар етеді. Енді,міне, үлкен ауылды жаяу аралап газет тасыған еңбегі еленіп, мемлекеттік марапатқа ие болып отыр. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болғаннан кейін бұл біз үшін де үлкен қуаныш!

Салтанатты шараны Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабының басшысы Ниетжан Ғабдуллин ашып, алғашқы сөзді аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Мнафихұлына жолдады. - Бүгін тек «Қазпошта» ғана емес, ауданымыз үшін қуанышты күн деп айтсақ артық болмайды. Республикамыз бойынша бұл саладан тек екі адам медалға лайық деп табылыпты. Біреуі біздің ауданымыздан болуы үлкен мәртебе! Күні кеше ақпан айында Тәуелсіздік күніне орай облыста болған үлкен жиында Қанат Ғаббасов, Болат Абдолов ағаларымыз осындай медалмен ұлығыланған еді. Бүгін міне, Серік ағамыз Президентіміздің 2018 жылғы 5 желтоқсанда қол қойған Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Екінің бірі мұндай атаққа ие болып жатқан жоқ!

Серік ағамызды күнде көріп, сәлемдесіп жүрміз. Өміріңіздің 41 жылын пошта қызметіне арнаған екенсіз, еңбек кітапшаңызда бір жазу болар деп есептеп отырмын. Осы мекемеде қанша басшы ауысса да бәрімен тіл табысып жұмыс жасайсыз. Сізді біраз жылдан бері білемін. Жалпы пошта қызметінің айналасында үлкен саясат жатыр. Барлық жаңалықтар халыққа сіздер арқылы жетеді. «Серперді» асыға күтіп отырамыз. Келмей қалса сіздерге телефон шаламыз. Газеттің сайтын да қарап отырамыз. Бірақ, көп мәселе басылымның өзінде жазылады. Жаңалықтың жаршысы болып жүрген ұжымдарыңызға сәттілік, жемісті еңбек, отбасылырыңызға құт-береке тілеймін, - деп аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров С.Медеуовке аталған медаль мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Құрмет грамотасын табыс етті.

Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев құттықтап: - Бүгін мен қарапайым еңбек адамының осындай мемлекеттік марапатқа ие болып жатқанына қуанып тұрмын. Бұл облыстан немесе ауданнан емес, Президентіміздің қолымен беріліп жатыр. Мен1980 жылы жұмысты осы поштада бастадым. Сол кезде Сәкең бар еді. Одақ кезінде мұнда автобазадан күніне 6-7 машина тіркемесімен келіп хаттар мен газеттерді тиеп, 25 пошта бөлімшесіне апаратын. Сәкең мен 6-7 қызметкер солармен бірге кетеді,– деп, енді орденге қолыңыз жетсін деген ізгі тілегін білдірді.

Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабының басшысы Ниетжан Ғабдуллин: -  Сәкеңнің бір қасиеті адамның көңілін қалдырмайды. Сонау ПМК-ге жаяу барып келгеннен кейін бір қыз: «Серік аға мынаны апарып тастаңызшы», - десе кері кетеді. Көлік сұрамайды, жаяу тартады. Егер бұл кісіге шақырым есептегішті салып қойса, осы жылдар ішінде жерді экватор бойымен айналып шыққандай жол жүргені анық. Мына марапат бүкіл қызметкерлеріміздің ортақ жұмысының нәтижесі. Егер бізде жұмыс дұрыс жүрмесе республикадан мұндай медаль келмес еді. Сол үшін бәріңізге рахмет, - деп қатысып отырған аудан басшыларына ризашылығын жеткізді. Көрсетіліп жатқан құрмет үшін Серік Медеуов пен жұбайы Қалаш алғыстарын айтты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT