Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлының тұрғындармен кездесуі Дыңғызыл ауылдық округінде жалғасты,- деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған ауылдық округте өткен есептік кездесулерде айтылған халық ұсынысына орай атқарылған жұмыстар сараланып, ағымдағы жылдың еншісіндегі жоспарлар талқыланды.
Айта кетсек, ауыл тұрғындары жиі көтеріп келген Шортанбай-Жыланды елді мекендерін жалғап тұрған жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Бұдан өзге, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Ғ.Әліпов ауылына балалар ойын алаңы салынып, тұрғындар игілігіне тапсырылған.
Сонымен қатар, көше жарығын күтіп ұстау, елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру және тазалығын қамтамасыз ету жұмыстары да тұрақты жолға қойылған. Осылайша, ауыл тұрғындарының ұсыныстары кезең кезеңімен орындалып келеді.
Өз кезектерінде ауыл тұрғындары ауылішілік жолдар, қоғамдық көлік, пошта қызметі, интернет желісі, ауыз су мәселесі жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары түйіні шешілген мәселе екі ауыл арасын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі құрылысының аяқталып, халық игілігіне тапсырылғанына жергілікті билік өкілдеріне алғысын білдірді.
Кездесу барысында аудан басшысы сөз алып, атқарылған жұмыстарға тоқтала отырып, өткен жыл ауыл тұрғындары үшін жемісті жыл болғандығын атап өтті.
- «Жыланды ауылының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттары жасақталды. Сараптамаға ұсыну жұмыстары жалғасуда. Жоба бойынша 10 шақырым асфальт және 6 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол қарастырылған. Бұдан өзге «Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-Қиғаш» автомобиль жолдарының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, ауданның кешенді даму жоспарына сәйкес, Ғ.Әліпов пен Жыланды ауылдарына спорт алаңдарын салу жоспарланған. Күні бүгін жобалық- сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өтті. Қаражат бөлінген жағдайда жұмыстары басталатын болады. Округтің негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Сіздерде мал басы мен одан алынған өнімде өсім мол. Бұл жергілікті тұрғындарға кәсіп ашуға оңтайлы мүмкіндік деп есептеймін», - деген аудан әкімі Марат Мурзиев ауыл халқы үшін жасалып жатқан жұмыстар биыл да өз жалғасын табатынын жеткізді.