Жаяу жүргіншілер көпірі салынады

(0 Votes)

Тікелей эфир арқылы онлайн форматында есеп берген Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Азимов өз хабарламасында атқарылған жұмыстарды атап өтіп, инфрақұрылым, шаруашылық, әлеуметтік сала жетістіктерін баяндады.

Ең бастысы, округ тұрғындарының қалыпты тұрмыс кешіп, ынтымақты өмір сүрулеріне жағдай жасалуда. Округке қарасты «Құрманғазы» атындағы өндірістік коопертивтен былтыр 6035 төл алынды. 683 мал сойылып, 233,5 центнер ет өндірілсе, 102 центнер қой, 10,37 центнер түйе жүндері алынған. Сонымен қатар, «Ақкөл-Ғ.Әліпов-Жыланды-Қиғаш» автомобиль жолдарының құрылысын жалғастыру, Жыланды ауылына ашық кіші футбол алаңын салу, «Жыланды-Шортанбай» елді мекендері арасында Шарон өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылыс жұмыстарына қаражат көзін қарастыру, ауылішілік жол құрылысын жүргізу сынды ауқымды істер аудан әкімдігімен бірлескен түрде атқарылатын болады.

Округ ғимаратының сенім жәшігіне түскен сұрақтар легіне тоқталсақ, ауыл тұрғыны Ислям Бахтыгереев жабық спорт кешенін салу, ауылға жазғы су құбырын тарту мәселелерін қозғаса, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Аязов округ әкімдігі ғимаратын жаңадан тұрғызу, ауылішілік жол төсеуді сұраған. «Құрманғазы» ӨК төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтанов пошта ғимараты құлағалы тұрғанын, электр желілерінің тозығы жеткенін, оны ауыстыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізіп, Ғ.Әліпов ауылындағы орман-тоғайдың орнын жаңартып, оны аудандық орман шаруашылығының балансына беруді ұсыныс еткен. Шаруа қожалық жетекшісі Қожантай Шайхымов Ғ.Әліпов ауылына ұялы байланыс қондырғысын орнату, фельдшерлік пункт ғимаратын салудың керектігін жеткізген. Көпбалалы ана Эльвира Сүндетова балабақшадан қосымша 20 орындық бөбекжай тобын ашудың маңыздылығын алға тартқан. Мектеп директоры Бауыржан Бекжанов тұрғын үй салу үшін жаңадан жер берілетін көшелерге инфраструктура жүргізуді  ұйымдастыруды, Ғ.Әліпов ауылының тұрғыны Байболат Қабасов ауыз су тазарту қондырғысына күрделі жөндеу жұмыстарын жасауды сұраған. Қойылған сауалдарға окург әкімі Оралбай Азимов және аудан басшысы Қайрат Нұртаев нақты жауаптарын қайтарды.

- «Жыланды-Шортанбай» елді мекендері арасында жаяу жүргіншілер көпірін салудың сметалық құжаттамасы дайын, сараптамадан оң нәтижесін алған. Қаражат көзінің бөлінуіне қарай құрылыс жұмыстары биыл басталады деп күтілуде. Бұл жобаны «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасына енгізу арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Бөгеттерді бекітудің жобалық сметалық құжаттамасы дайындалғанға дейін, біз күтіп ұстау жұмыстарын қатаң қадағалауымыз қажет. Бұл бағытта облыс әкімдігімен бірлескен ауқымды шаралар іске асады. Жалпы көлемі 6 шақырымды құрайтын бөгеттерді бетондау немесе бұл жобаға тартылған инвесторлардың ұсыныстары ескерілетін болады. Оған дейін үш ауылдық округ бойынша өр суы кезінде төтенше жағдайдың алдын алу бағытында жыл сайынғы күтіп ұстау жұмыстары жүргізіледі. Күні бүгін ЖСҚ жасақтауға қаржы сұратылды, қолдау табатынына сенімдіміз, - деген Қайрат Талапұлы жағымды жаңылығымен бөлісті.

А.Шакупова  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521