Жауыр болған жол жыры

(0 Votes)

Тұрғындардың титығына тиіп, тығырыққа тіреген тағы бір түйткіл – Құрманғазы-Бірлік тас жолының жыры.

26 шақырымды құрайтын аталмыш тас жолға жөндеу жұмыстарының басталғанына 3 жылдан астам уақыт болды. Nur Otan партиясының аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев, аудандық мәслихат депутаттары Нұрлан Хұсайынов, Есболат Құбашев, Бержан Кенжебаев, Ақәділ Зейнеденов тиісті учаскеге барып, сағызша созылған бұл жұмыстың жүру барысына қадағалау жүргізді. Мердігер мекеме «Бекет-Сәт-Жол» ЖШС құрылысты 2018 жылы бастаған болатын.

8817b442-fcf6-4d6c-b399-02aa3bb90bcb

18 ай көлемінде жасалып, пайдалануға берілуі тиіс бұл қайта жаңғырту жұмысының әлсін-әлсін кейінге шегерілуінің себебі неде? Мұны мердігер мекеменің уәкілі, учаске шебері Кенжеғали Нағимов қажетті материалдардың жетіспеуімен байланыстырады. Мәліметінше, 26 шақырым жолдың 24 шақырымына бірінші қабат асфальті төселген, қалған 2 шақырым жолға асфальт төсеу жұмысы жалғасады. Жол бойындағы ұзындығы 700 метр 4 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Халық қалаулылары маусым айының соңында жөндеу жұмыстарын зерделеу барысында асфальт төселмеген 4,5 шақырым жолды қыркүйек айына дейін бітіру жоспарланғанын, алайда істің өте баяу, талапқа сай емес жүріп жатқанын сынға алды.

Nur Otan партиясының аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев:

- Халық игілігі жолында басталған жұмыс жоспарға сай, өз уақытында аяқталуы тиіс. Сапасыз жол – адам өміріне төнетін үлкен қауіп. Осы келеңсіздікті болдырмау мақсатында «тидім-бардым» деген көзбояушылыққа салынбай, әрбір іс басында жүрген жұмысшы мойындарына артылған жауапкершілікті сезінгені жөн,-деді. Жүгенсіз іс жарға жықпас үшін аудандық Nur Otan партиясы фракциясы депутаттары мұндай тексеріс алдағы уақытта жиілейтінін қаперге берді. Екі адамның басы қосылса талқылайтын тақырыпқа арқау болған жол жырының нүктесі қойылар күн тезірек келсе деп тілейміз!

 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521