Жаттығуда төккен тер текке кетпейді

(0 Votes)

«Оңтүстік» әскери қолбасшылығының Жамбыл облысындағы «Айша бибі» полигонында «Арми-2020» халықаралық әскери ойындары аясында өтетін «Қару шебері» жарысына дайындық жалғасуда.

Елдегі індетке байланысты әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары барынша күшейтіліп, команда мүшелері жаттығу полигонында басқа бөлімшелерден бөлектелді. Лагерьде дезинфекциялық жұмыстар үнемі жүргізіліп, денсаулықтары әскери дәрігерлермен тұрақты қадағаланып отырылады. Команданың негізін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің бірінің әскери қызметшілері құрайды.

«Қару шебері» жарысы кезінде қатысушылар 122 миллиметрлік D 30A гаубицасын, 23 миллиметрлік ЗУ 23, 122 миллиметрлік зениттік зымыран тасығыштарын, БМ-21 (Град) зымыран жүйесін жөндеуге, жинауға, бөлшектеуге және тасымалдауға машықтанып дайындалады. Қару-жарақ биатлонында мылтық жасағының және жөндеу взводтарының жауынгерлері эстафетадан сайысады. Әскерилерден жылдамдық, дәлдік, мергендік және жарыс элементтерін орындау кезінде жеделдік талап етіледі. Соған сай жаттығулар күн сайын өтіп, шеберліктерін шыңдап отырады.

«Қару шебері» сайысы биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Алдыңғы жылдарда Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы үнемі жүлделі орындардан көрініп жүрді. Төрт рет өткен жарыстың үшеуінде Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды. 2018 жылы қазақстандық команда екінші орынға қол жеткізді. Жарыс екі рет Ресей Федерациясында, «Пенза» полигонында және екі рет Қытайда, «Корла» полигонында өтті. Биыл да жарыс Қытайда өтеді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, Қазақстан Қарулы күштерінің альпинизммен айналысатын спортшы жауынгерлері VI «Арми-2020» халықаралық әскери ойындары шеңберінде жалауын көтеретін «Эльбрус сақинасы-2020» байқауына дайындық кезеңдерін бастап кетті. Сайыс алдағы уақытта Ресейдің Қабарда-Балқар Республикасының Терскол кенті маңында өтеді. Шыңға өрмелеуден сынға түсетін әскери қызметшілердің жеке дайындығын жетілдіру және бөлімшелерді үйлестіру, жеке құрамды жерсіндіру, қозғалыс маршрутын зерделеу, тауларда құтқаруды үйымдастыруды пысықтау бойынша сабақтар өткізіледі. Сайыс барысында топтар бөлімше құрамында Эльбрус тауының шыңына шыға отырып, жеке және тізбекте өрмелеу, таулы жерде бағдарлау, биіктіктегі кедергілер жолағынан, шатқал үстінен керілген арқан өткелден өту сияқты 15 түрлі арнайы тапсырмаларды бағындырады.

Сонымен бірге, топ болып оқ ақ атып мергендіктерін көрсетеді. Дайындық өтіп жатқан таулы жаттығу алаңында короновирустен сақтанудың барлық шаралары алынған, алаңсыз әзірлену үшін қажетті жағдайдың бәрі қарастырылып отыр. Қазақстандық әскерилер алтыншы рет өткелі отырған сайыстың кейінгі бесеуіне қатысып жүлдегерлер сапынан көрінген еді. Бұл жолы да біздің шыңға өрмелеушілер биіктен көрінеді деген сенімдеміз.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521