Cүйіндік ауылдық округіндегі онымен аттас мектептің жанындағы 50 орындық жатақхана күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілді.
Ескі танысымыз, бұл жатақхананы ең алғаш рет қыр бойына іссапарға шыққанда, 2009 жылы көргенмін. Сұрқы қашқан, ескі ғимарат еді. Сол жолы да жөндеу жүргізу керектігі айтылған. Одан кейін 2016 жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Азғырға сапары кезінде бұл жатақхананы көріп, сын айтып, тиісті адамдарға тапсырма берген. Бір жылдан кейін келгенде жүдеу жатахана тағы да көңілін қалдырған. Енді міне, «Сабақты ине сәтімен», дегендей биыл күрделі жөндеуден өтіп жарқырап тұр. Шыны керек, ескі танысымды танымай қала жаздадым. Сыртқы жабындысы түгел ауыстырылып, шатыры өзгеріпті. Бұрынғы ескі терезелері де жоқ. Мектеп директоры Меңсұлу Маштаеваның айтуынша бұл жатақхана сонау 1989 жылы салынған. Биыл 79 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме – «Игілік» ЖШС оны төрт айда аяқтап шыққан. Өз қызметіне жауапкершілікпен қараған мердігер сметадан тыс жұмыстарды жасаудан да бас тартпаған. Жатақханада қазір ұлдар және қыздар бөлмелері, ішкі әжетхана, жуынатын орындар, кәріз жүйесі орнатылған. Су келіп тұр. Бөлмелер оқушыларға керекті барлық жабдықтармен қамтылған. Мұнда 12 адам жұмыс жасайды. Қазір 28 балаға сұраныс түсіп отыр.
Жалпы Сүйіндік орта мектебінде 405 оқушы, мектеп алды дайындық тобында 52 бала бар. Осы жұмыстарды атқарған «Игілік» ЖШС басшысы Аманқос Қасымғалиевті сөзге тартқанымызда:
– Материалдарды тасу кішкене қиындық тудырды. Жол жаман, әрі қашық. Соған қарамастан құрылысты уақытында бітіруге, сапалы шығаруға тырыстық. Жобада қаралмағанымен мектеп директоры айтқан жұмыстарды да жасадық. Себебі, мұнда еліміздің ертеңі – жас ұрпақ тәрбие алады. Олар өздерін еркін сезініп, ешқандай қиындық көрмеуі тиіс. Осы жұмысты атқарумен қатар ауылдағы мешіттің де жылу қазанын салып бердік, - деді. Салтанатты шараға індетке байланысты аздаған адам ғана қатысты. Мектеп директоры Меңсұлу Маштаева атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Қайрат Нұртаев:
– Шекарамызды бекітіп, Тәуелсіздіктің арқасында әлемге танылдық. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының Жолдауда көзделген және басқа да тапсырмаларын орындау мақсатында, облыс әкімінің қолдауымен Құрманғазы ауданында, Азғыр өңірінде үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Оған осында қатысып отырған ағаларымыз, ардагерлеріміз бәріңіз де куәсіздер. Бұл жердегі басты мәселелер шешімін тапты. Атап айтсақ, көгілдір отын, ақпараттық қамту бағдарламасына байланысты интернет желісі, ауыз су келді. Енді жолды да қолға аламыз. Келесі жылы оның 36 шақырымы жөнделеді. Мұның бәрі де халықтың игілігі үшін атқарылып жатырған жұмыстар. Бүгін міне күрделі жөндеуден өткен 50 орындық жатахананың ашылу салтанатына қатысып отырмыз. «Жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржымен жүзеге асты. Өздеріңізге мәлім індетке байланысты қазір әлемде үлкен келеңсіздіктер болып жатыр. Соған қарамастан мердігер мекеме шалғайда орналасқан елді мекенде жөндеуді мерзімінде аяқтауға үлкен үлес қосты. Жаңа мектеп директоры айтып өткендей, жобада ескерілмей қалған жерлеріне өз қаражатын жұмсады. Қазір ауданда 33 мектеп бар. Балалар онлайн оқуда. Жөндеуден өткен жатақхананың шалғайда орналасқан ауыл оқушыларының білім алуына үлкен көмегі болады деген ойдамыз, - деп еліміз тыныш болсын, індеттен аман шығайық деген ізгі тілегін жеткізді.
Сүйіндік ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыгерей Сейітханов:
– Бүгін жатақханамыздың күрделі жөндеуден өтіп ауылымыздың көркін асқақтата түскеніне қуаныштымыз. Бұған біз Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткіздік. Осындай мекемелер ауылымызда көптеп ашыла берсін дейміз. Оқушыларымыз әрдайым жүлделі орындар алсын! Жақсылықтар ауылымызда жалғасын таба берсін, - деп аудан басшысы бастаған азаматтарға, мердігер мекемеге ризашылығын білдірді.
Шараның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін қатысушылар жатақхана ішін аралап көрді.
Қ.Ғұмаров