Құрманғазы ауылдық округі әкімдігі мен аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен «Шапағат» - деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қорының теологы Мұхидден Омар мен маманы Перизат Еркінбаймен кездесу өтті.
Округ әкімдігінде өткен шараға ауылдың үлкендері мен жастар, ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Шараны аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының басшысы Ернар Боранғалиев жүргізді.
Кітабын оқысаң адасып кетесің
«Шапағат» - деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қорының теологы Мұхидден Омар жат ағымдардың қоғамға зияны, жастарды қалай тұзаққа түсіретіні жайлы түсінік беріп өтіп:
– Олардың «Үш негіз»,«Төрт қағида», «Алты ереже», «Кітаби таухид», яғни бір құдайға сыйыну деген кітаптары бар. Тақырыптары жақсы болғанымен 25 мың адамымыз Сирияға кетіп қалса, соның 100 пайызы осыларды оқып адасқандар. Жат ағым өкілдері қызыл дипломмен бітірген жасты да мемлекетке қызмет етпеуге шақырады. Себебі біздің мемлекетімізді кәпірлердің елі деп санайды. Осындай адамдардың кесірінен жалғыз баласы Сирияға кетіп, зарлап қалып жатқан ата-аналар қаншама?! Адамның жат ағымдардың уағызымен қалыптасып қалған түсінігін сіздер бұза алмайсыздар. Ғарышқа зымыран кез-келген жерден емес, тек Байқоңырдан ұшатыны сияқты біздер, теологтар мен имамдар ғана мұны жасаймыз. Мұндай балаларды алдымызға әкелсеңіздер жүзбе-жүз отырып сөйлесіп, оған өзінікі дұрыс еместігін ашып береміз. Ағымдардың ісі дін емес, саясат екенін ұқтырып, бұған дейінгі сеніп келгеніне күмән саламыз. Сол кезде ғана ол адасып жүргенін түсінеді. Шынайы дін ешкімді де ата-анасын тастап жат жерге кетуге шақырмайды. Құран-Кәрімнің «Исра» сүресінің 23-24 аяттарында: «Аллаға құлшылық-ғибадат қылудан кейін, ата-анаңа жақсылық жасаңыз», дейді. Әуелі Аллаға құлшылық қылып, содан кейін ата-ананың разылығын табуымыз қажет. Пайғамбарымыз: «Дүниеңіз көп болып жақсылық жасағыңыз келсе, ең бірінші тума-туысыңыздан бастаңыз», деген. Сөйтіп осыларды түсіндіру арқылы баланың ел-жұртқа деген отаншылдық сезімін оятамыз. Сонда ғана ол жат ағымдарға ілесуді қойып, ортамызға қайтады, - деді.
Қ.ҒҰМАРОВ