Соңғы кездері түрлі экстремистік топтар бүлікшіл әрекеттерге барып, өз идеяларын дамыған және дамушы елдерде жүзеге асыруды көздейді.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында елімізде бірқатар заңдар қабылданды. Нәтижесінде көптеген ұйымдар «экстремистік» деп танылып, олардың қызметіне ел аумағында тыйым салынды. Өйткені, оларға қатаң түрде тосқауыл қойылмаса елдің бірлігі мен бейбіт тіршілігіне нұқсан келетіні белгілі. Осындай ұйымдардың қатарында «Таблиғи жамағат» та бар.
Дін атын жамылған бұл ұйым – Қазақстан аумағында өткен ғасырдың соңғы он жылдығында тарала бастады. Қоғамдық тұтастыққа қауіп төндіретінтаблиғшылар қазір Орталық Азия елдерінде, Қырғызстанда кеңінен таралып отыр.
Негізінен өткізілетін іс-шаралары – «Таблиғи жамағат» өкілдері ел-елді, жер-жерді жаяу аралап, ислам негіздерін қалың бұқараға насихаттайды және оларды хақ дінге шақырумен айналысады. Бірақ, өте тұжырымды, дұрыс сөйлегенімен олардың ислам ғалымдары мен олардың сөздерін ауыздарына алмаулары күмән тудырады. Діни сауаттары төмен болса да өздерін білгіштер сияқты көрсетіп «есіктен-есікке» өтіп ел аралап, апталап-айлап кез келген жұртшылыққа үгіт-насихат істерін жүргізеді.Ілімдері және көзқарастары қарапайым, тартымды болғандықтан жастар таблиғшылардың тұзағына оңай ілігеді.
"Таблиғи жамағат" діни ұйымының қоғам ішінде тудырған алауыздықтарын және жастарды Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан елдеріне жасырын түрде медреселерге жіберулерінің күннен-күнге үдеуіне орай Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының ұсынысы бойынша 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласы, № 2 Сарыарқа аудандық соты экстремистік ағым деп танып, ел аумағында емін-еркін үгіт жүргізуіне тыйым салынды. Біздің облысымызда да бұл ұйымның қызметіне араласты деген айыппен бірнеше адам сотталып, заңға сәйкес оларға жаза қолданылған болатын.
Ал негізінде Ислам діні тазалықтың, көркем әдептіліктің діні. Сондықтан, «Таблиғи жамағаты» сияқты шектен шығып, асыра сілтеушілікке салынған топтарға жол беруге болмайды.
Мұрадым Қайсаев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы.