ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖАЙҚАЛТҚАН ЖАНҒАБЫЛ

(0 Votes)

Жасыл желек тек көз тартар көркімен ғана адамға жақсы көңіл-күй сыйлап қоймай, атмосферадағы біз үшін зиянды көмір қышқыл газын жұтып, оттегі бөледі.

Ауаны шаңнан, түтіннен тазартады. Теректерден бөлінетін ұшқыш заттар айналадағы ауру тудыратын микробтарды жояды. Жайқалған ағаштардың астына барып демалғанда ауасы өзгеше екенін байқаған да шығарсыздар. Сонымен қатар олар өзі өскен жердің топырағының тозуын тежейді. Көлігі көп үлкен қалаларда шуды азайтып, жапырақтарының сыбдырымен дыбыс энергиясының үлкен бөлігін жұтып, қалғанының күшін азайтады. Сол себепті дамыған елдерде қала құрылысын жоспарлағанда жасыл желекпен қамтуға зор көңіл аударылады. Мұны біз текке келтіріп отырған жоқпыз. Жан-жағын су айдындары жуып жатқан өңірде отырып, абаттандыру жұмыстары жағынан әлі де кенже қалудамыз. Бұл бағытта жұмыс бар, бірақ нәтижесі көңіл көншіте бермейді.

img_3878

Ауданымызда жыл сайын көктем мен күзде тал-теректер егіледі. Бірақ, солардың бәрі бірдей жайқалып өсіп кетпейді. Көбі күтімсіз қалып, су құйылмай қурайды. Көше кезген қаңғыбас сиырлардың көмейінде кетеді. Жасыл желекке малынып тұрған ғимараттар аудан орталығында сирек. Барының күтіміне ақша бөлініп отыр. Абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру да көбіне соған жауапты басшының бұл істе тындырымдылығына байланысты. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», десек те, оның өсіп кетуіне көңіл аудармаса көппен бірге шығып, қазылған шұңқырға шыбықты шанши салып, қасында суретке түсумен іс бітпейді. Суретке түскен сол шыбықты келесі жылы таппауыңыз да мүмкін. Ал, біздің әңгімеміздің арқауына айналған «Тұрмыстық қызмет» МКК өз күшімен жүздің үстінде теректі жайқалтып өсірген. Мекемеге қарасты Кадырка су тазарту қондырғысы шағын саябақ тәрізді. Мұнда қайың, қарағаш, емен, тұт және басқа да теректер имарат ауласының төрт қабырғасын көмкерген. Бөркіне таққан жасыл үкісі желбіреген бойжеткендей биік ауладан асқақтай қарайды. Ішке енгенде жолдың екі жағынан түп-түзу болып сап түзеген талдырмаш аққайыңдардың құрметті қарауылы қарсылайды. Ауланың кей жерлеріне жеміс ағаштары да егілген.

img_3883

Осы жұмысты ойдағыдай ұйымдастырып отырған іскер азамат, «Тұрмыстық қызмет» МКК басшысы Жанғабыл Шамұратов бізбен әңгімесінде: – Бұл нысанды 2015 жылдың 8 сәуірінде сол кездегі аудандық қаржы бөлімінің басшысы Замзагүл Карсакованың бұйрығымен қарауыма берді. Ол кезде мұнда су жүрген жоқ. Барлық құжаттарын жинап, тарифті бекітіп, облыстағы «Жайық-Каспий» басқармасынан рұқсат алып, пайдалануға кірістік. Қондырғы РТС, Сазтүбек, Ескі Аэропорт елді мекендерін таза ауыз сумен қамтиды. Жері жақсы, құнарлы. Алғаннан бастап терек ектік. Бірінші жылы елу терек отырғызсақ, кейінгі жылдары біртіндеп санын көбейттік. Қазір 140-қа жуық терек жайқалып өсіп тұр. Басында екі операторым бар. Солар күтеді. Тек оларға жүктеп қоймай өзіміз сенбілік жасап та суарамыз. Ауыз суды екі күн сайын тазартып тұрамыз да, содан шыққан, сүзгілерді жуған суды босқа төкпей осыларға құямыз. Түптерін қопсытамыз. Бір-екі рет Теңіз ауылынан қара шірінді әкеліп төктім. Күнделікті суаруды қатаң бақылауда ұстаймыз. Күтіммен қарамаса қандай терек те өспейді. «Терек көп суды қажет етпейді, анда-санда жіберіп тұрса жарайды», деген пікірмен өз басым мүлдем келіспеймін. Күн ыссыда ол да шөлдейді. Бастапқы кезде де, өскен соң да уақытымен суын жібермесең, бұтақтары қурап, жапырақтары түсіп, көз тартар көркін жоғалтады. Енді қондырғы ауласының арам шөбін шабу жұмыстарын бастаудамыз. ПМК-дегі су тазарту қондырғысына да былтыр 20 терек отырғызғанбыз соның 18-і өсіп келеді. Оған дейін оның қоршауы болған жоқ. Жері саздау, көп күтімді қажет етуде. Алға қарай онда да терек санын көбейтуді ойластырудамыз, - деді.

img_3895

Кадырка су тазарту қондырғысында 1000 тонналық резервуар қойылған. Бірнеше насос жұмыс жасап тұр. 200 литрлік сегіз су сүзетін фильтрлермен қамтылған. Операторлардың жатын орындарында теледидар да бар. Ауласының жан-жағына 16 бейнекамера орнатылған. Қарауындағы жұмысшыларына да, жасыл желектердің өсуіне де барлық жағдайды туғызып отырған іскер басшыға риза болып аттандық.

img_3905

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT