Аудан орталығында әр жылдың жазғы маусымында өткізілетін «Жасыл ел» еңбек жасағының ашылу салтанаты өтті.
Жиынға осы маусымда аудан бойынша жұмысқа тартылатын жас сарбаздар мен әр ауылдық округке бөлінген жетекшілері де қатысты. «Жасыл ел» еңбек жасақтары 16 мен 35 жас аралығындағы жастарды, соның ішінде мектеп оқушылары мен студенттерді маусымдық жұмыспен қамтумен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысып келеді.
Жиынды Құрманғазы аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Қазиханов ашып, «Жасыл ел» жобасы аудан жастарына жұмыс жасауға үлкен мүмкіндік екендігін, сонымен қатар өз туған жерін аббаттандырып, көгалдандыруға үлестерін қосқаны біздің қоғамымыз үшін үлкен пайдасын тигізетіндігін жеткізіп, жас сарбаздардың жұмысына сәттілік тіледі.
Бүгінде «Жасыл ел» еңбек жасақтары айналаны көгалдандырып, аудан, ауыл маңдарын, көшелерін тазартуға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға атсалысуда. Биылғы маусымда аудан бойынша 200 орын бөлініп, барлық 19 ауылдық округ бойынша жастарды жұмысқа тарту жоспарлануда. "Жасыл елдің" маусым айындағы алғашқы легіне 75 жас бөлініп, бүгіннен бастап жұмысқа кірісу жоспарлануда.
Бұл жобаға мектеп оқушылары мен студенттерден бөлек NEET санатындағы және жұмыссыз жастарға көп мән берілмек. Осы орайда "Жасыл ел" жобасы туған жерімізді көгалдандырумен қатар, жұмыссыздық мәселесін шешуге де өз септігін тигізеді деп атауға болады.
Бекзат Казиханов,
жастар ресурстық орталығының басшысы