Құрманғазы ауылдық округінде «Жасыл ел» жастар жасағының кезекті еңбек маусымының басталуына орай жиын өтті.
Округ әкімі Мұрабек Мұғалім жиналғандарды құттықтап, жалынды жастардың атсалысуларымен бұл бағдарлама 14 жылдың ішінде жақсы нәтижеге қол жеткізгендігін атап өтті. - «Жасыл елдің» мақсаты студенттердің, жұмыссыз жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, қоршаған ортаны таза ұстау болып табылады. Сонымен қатар, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту да бағдарламаның көздеген бағытының бірі. Ең бастысы өсіп келе жатқан ұрпақты еңбекке баулу, белсенді ортаға тарту деп айтқан орынды. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз мақсатынан жаңылған емес. Қаншама студенттерiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, өз ауылының аббатануына мол үлестерін қосты.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Бисенғалиев «Жасыл ел» жасағының жұмыс бағытымен таныстырды. – Бағдарлама аясында маусым-тамыз айлары аралығына 230 жас тартылады. Жұмыс үш бағытта жүреді, біріншісі орман шаруашылығына, екіншісі көгалдандыру, үшіншісі құрылыс жұмыстарына жіберіледі. Бөлінген әр топ бір ай бойына еңбек етіп, міндеттелген жұмыстарды атқарады. Жұмыс уақыты 8 сағат, еңбекақысы 48000 теңге. Он сегізге толмағандарға 7 сағат жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Құрманғазы ауылдық округіне бөлінгендер Тәуелсіздік паркінде, Боздақтар ескерткіші маңында, орталық алаңда тал-теректерді, гүлзарларды суғару, арам шөптерді жұлу сияқты күтіп-баптау жұмыстарымен айналысады. Қолдары босаған уақытта түрлі мәдени шаралар, диспуттар, танымдық ойындар ұйымдастырылып, жастардың көңілді демалуларының бар жағдайлары жасалады. Күннің ыстығында жұмысты ерте бастап, ерте аяқтау шаралары алынады.
Мұнан соң алғашқы топ аудандық жастар ресурстық орталығының инспектор маманы Дархан Ирғазиеваның, аудан орталығын көгалдандыру қызметімен айналысатын жеке кәсіпкер Серік Баязитовтың бастауымен жұмыстарына кірісіп кетті.
А.НӘЖІМОВ