«Жасыл ел» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап ауданымызда 784 адам жұмыспен қамтылған екен.
Осы жылы аты жаман індетке байланысты сарбаздар саны былтырғы көрсеткішке қарағанда 2 есе аз, 100 сарбаз еңбекке араласуда. Жұмысқа қабылдау тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Күні бүгінге дейін сарбаздардың құжаттарын Жастар ресурстық орталығы қабылдап келсе, енді «Атырау жасыл ел» сайты арқылы өтіп, онлайн тапсыруға мүмкіндік бар.
Еңбек жасағындағы 90 жұмысшы көгалдандыру ісі бойынша Самаркин елді мекенінде көшелерді, жаға бойларын тазалап қана қоймай, қураған ағаштарды кесіп, ойын алаңдары мен саябақтардың жиектерін әктеп, сырлау барысында үлкен бел-сенділік танытуда. Ал, қалған 10 жұмысшы Кадырка елді мекенінде салынып жатқан 60 пәтерлік үйдің құрылысында қызмет етуде.
Сарбаздар арнайы киім-кешектермен, қорғаныш бетперделермен қамтылған, уақытында еңбекақысы төленеді, қолға алатындары 51350 теңге. Тек студенттер ғана емес, жұмыссыз жастар да жасаққа шақырылады. Өзектілігін жоймаған бағдарлама табиғатты қорғап, экологияны сақтауға өзіндік септігін тигізіп келеді.
Д.Иргазиева,
аудандық Жастар ресурстық орталығының инспектор маманы,
«Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі