Асан ауылының ең жас сайлаушысы Назира Қостанаеваның бүгінгі сайлау туралы ой-пікірі көңілге қонымды-ақ. Оның сөзінен жастар арасында парасатты пікір білдіретіндер барына разы боласың.
-Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыру жолында бұл президент сайлауының маңызы ерекше. Өйткені тың сүрлеуге түскен мемлекетімізге мықты көшбасшы керек. Сайлау сияқты сын сағатта дұрыс таңдау жасауға тиіспіз. Өйткені таразының бір басында еліміздің болашағы тұр. Ортақ Отанымыздың бірегей басшысын таңдау біздердей жастардың да алдындағы басты парыз. Елдің болашағы біз десек, өзіміздей жастардың жағдайын жақсартатын, баянды болашағын қамтамасыз ететін әділетті, ақиқат жолынан айнымайтын, жүрегі халқым деп соғатын лайықты адамды дөп басып дұрыс таңдауымыз қажет,- деген Назираға қалай сүйсінбейсің.