Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жастарға ерекше тоқталуы – біз үшін үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі ұрпақ патриотизмді тек дәстүрлі ұғым ретінде емес, жасампаздықпен, жаңа идеялармен, қоғамға пайда әкелетін істермен байланыстырады. Бұл – уақыт талабына сай қалыптасып жатқан тың құбылыс.
Құрманғазы ауданының жастары да осы бағытта белсенді еңбек етіп келеді. Олардың көпшілігі заманауи технологияларды меңгеруге, жаңа кәсіп түрлерін ашуға, қоғамға пайдалы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға құлшыныс білдіруде. Біз жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп, олардың ойларын іске асыруға жағдай жасауға тырысамыз.
Президенттің «жастардың дарыны мен білімін қолдау» жөніндегі тапсырмасы – біздің жұмысымыздың басты бағдарына айналмақ. Жасанды интеллект, IT саласы, инновация – жастардың болашағын айқындайтын негізгі бағыттар. Осыған орай біз алдағы уақытта аудан жастарына арналған жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.
Жалпы алғанда, Жолдауда айтылған бастамалар – жастардың өз күшіне сенуіне, болашаққа батыл қадам жасауына берілген үлкен мүмкіндік. Біз жастарды қолдап қана қоймай, олардың ел дамуына қосатын үлесін еселей түсуге жағдай жасаймыз. Өйткені Қазақстанның жарқын келешегі – білімді, жаңашыл, отаншыл жас буынның қолында.
Нұртілек Батуов, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы