Егеменді еліміздің тарихын дәріптеп, салт-дәстүрімізді насихаттау, жастардың сөйлеу мәдениетін дамыту мақсатында аудандық орталық кітапханада «Даналық пен білім – ақыл-ойдың жемісі» тақырыбында зияткерлік сайыс ұйымдастырылды.
Оған аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жастары мен Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің студенттерінен құралған «Жерұйық» және «Атамекен» тобы қатысты.
Жарыстың «Алтын қазына» атты бірінші айналымында мемлекетіміздің жетістіктері, тәуелсіздік шежіресі, тағылымды із қалдырған тұлғалар, басқа да өзекті жайттар аясында сұрақ-жауап айдары болды. «Жалғасын тап» бөлімінде мақал-мәтелдерді мүдірмей, толық айту бойынша сайыскерлер сынға түсті. Ал, «Туған жер – тұнған шежіре» деп аталатын қорытынды кезеңде ауданымыздың құрылу тарихы, туған топырақтан түлеген халық мақтаныштары жөнінде қатысушылардың білім-танымы сараланды.
Нәтижесінде әділқазылар алқасы шешімдеріне сәйкес, жеңімпаз топты марапаттап, естелік сыйлықтарды табыс етті.
Еркеназ Қалижан