Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Алдағы бес жылда Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс.
Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Біз жасанды интеллекттің әлеуетін толық көлемде пайдалана алатын елге айналуымыз керек», – дей келе, Үкіметке бұл істерді үш жылға дейін нақтылы аяқтауды тапсырды. Осылайша жасанды интеллектті еліміздегі экономикалық реформалардың негізіне айналдыру – стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Жаңа Жолдаудың тұжырымдамалық мақсаты елді терең цифрлық трансформациялау идеясы, экономиканы әртараптандыру мен цифрландыру, оның ауқымды құрылымдық жаңғыртылуы, экономикалық және саяси реформалардың берік ғылыми және заңнамалық негізін құру болып табылады. Президенттің ең маңызды стратегиялық міндеті – алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру. Осы бағытты үйлестіру үшін Мемлекет басшысы жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды.
Сонымен қатар, елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, макроэкономикалық тұрақтылықты қалыптастыруға, инвестициялық саясат пен бизнес жүргізу шарттарын қайта қарауға, цифрлық активтер экожүйесін құруға, өнеркәсіптік әлеуетті толық ашуға, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын жан-жақты орнықтыруға бағытталған бірқатар міндеттерді қойды. Сондай-ақ, Президент жасанды интеллектті өскелең ұрпақтың сауатты пайдалануының маңыздылығына ерекше назар аудартты. Бұл – еліміздегі цифрлық трансформацияның міндетті шарты әрі адам капиталының шешуші рөлін көрсетеді. Басқаша айтқанда, бізге жоғары сапалы адами ресурстар қажет, өйткені білімді әрі жауапкершілікті азаматтар – ұлттық экономиканың негізі және Қазақстанның болашағы.
Берік Әнесов,
Ломоносов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары


