Қазір біз бұрын соңды болмаған қауіпті жағдайға кез келіп отырмыз.
Былтыр қыста Қытайдан бастау алған коронавирус әлемді дүрліктіруде. Мысалы,18 наурыздағы мәлімет бойынша бұл қауіпті дерт 119 елге таралып, 194651 адамға жұғып, оның 7882-сі қайтыс болған. Шұғыл емдеу нәтижесімен 81102 адам сауыққан. Таралу жылдамдығына келсек, қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан коронавируске бір тәулікте 7934 адам шалдыққаны тіркелген. Ауру алғаш пайда болған кезде Қытайда бірден 80 793 адамға тарап, 62793-і емделіп шықса, 3169-ы дүние салған. Қытай билігінің шұғыл шара алып, ауруларды оқшаулағаны өз нәтижесін беріп, қазір мұнда эпидемиологиялық жағдай тұрақтай бастаған. Әйтсе де Аспан асты елінде соңғы бірнеше тәулікте бұл дертке шалдығудың 15 оқиғасы анықталған.
Коронавирус дамыған елдерді де тыныш қалдырып жатқан жоқ. Олардың ішінде ең қиын ахуал Италияда қалыптасып отыр. 16 наурыз күні мұнда ауру жұқтырғандар саны 10100 адамға жетіп, оның 631-і өлген. Ауыр жағдайға орай Италия билігі азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа барлық сауда орындарын түгел жапқан. Еуропада Италиядан өзге Франция (1774), Испания (1639), Германия (1296) сияқты елдерде де жағдай жақсы емес. Ауру өршіп тұр. АҚШ-та 1311 жұқтыру оқиғасы тіркеліп, 38 адам қайтыс болған. Дертке шалдыққандар саны бір тәулік ішінде 1 мыңға жеткен. Сол себепті бұл елде төтенше жағдай жарияланды. Иранда 8042 адам коронавирус жұқтырып, өлгендер саны 291 адамды құраған. Оңтүстік Кореяда барлығы 7755 адам шалдығып, оның 60-ы өмірден өткен. Осы жағдайға орай бұл мемлекет қауіпті эпидемиологиялық ахуал деңгейін жоғары дәрежеге көтеріп, барлық мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын 23 наурызға дейін тоқтатқан. Іргелес Ресейде әзірге 93 адам анықталған, бірақ елдің денсаулық сақтау орындары оның өсуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда.
Ресми деректерге сүйенсек Қазақстанда күні бүгінге дейін 35 адам коронавирусқа шалдыққан. Одан сақтану мақсатында елімізде бір ай Төтенше жағдай енгізіліп отыр. Бұл халықты қауіпті дерттен қорғау мақсатында жасалды. Оған түсіністікпен қарағанымыз жөн. Медицинасы бізден мықты мемлекеттерде коронавирус лаң салып жатқанда қазаққа да сақтанған артықтық етпейді. Ауру іштен шықпаса сырттан келуі мүмкін. Сол себепті шекара да жабылды. Мұның бәрі уақытша жағдай. Әрине, қиындықтар болмай қалмайды. Төтенше жағдай көп нәрседен шектейді. Той-томалақтарды, мерейлі даталарды әзірге қоя тұрғанымыз дұрыс. Оларды елеусіз қалдырмаймыз десек, отбасы мүшелерімен үйден де атап өтуге болады ғой. Тіпті болмаса, жағдай тұрақтаған соң қолға алыңыз. «Сақтансаң сақтармын», «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», дегенді дана халқымыз текке айтпаған. Коронавирусқа шалдықсаңыз сізді оқшаулауға тура келеді. Өйтпеген жағдайда үйіңіздегі барлық адамға жұғады. Мұны да ойлап қойыңыз.
Қазір көктем уақыты, «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» шағы. Қыстан адам ағзасы әлсіреп шығады. Сондықтан Жасанды тамақтарды емес, ас-ауқатыңызға таза өнімдерді қолданыңыз. Ет, жаңа сауылған сүт, қымыз, шұбат, балық, қолдың майы сияқты азық-түліктер сіздің ағзаңызға күш-қуат сыйлап, иммунитетіңізді күшейтеді. Бұл тамақтарды табуға шекараның жабылғаны әсер етпейді, бәрі де ауылда бар. Иммунитеті күшті адамдар коронавирусқа шалдықпайды. Үкіметіміз қауіпті дерттің таралмауы, адам шығыны орын алмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бізге қалып тұрғаны оған қолдау білдіріп, қауіпсіздікті сақтау. Алла қолдап, Қазақ елінің бұл сынақтан да сүрінбей өтеріне сенімдімін. Еліміз аман, босағамыз бүтін болсын!
Қанат ҒҰМАРОВ