Тәуелсіздігімізді ұлықтау, өскелең ұрпақ бойына азаматтық белсенділік, еңбексүйгіштік қасиетін сіңіруге атсалысу мақсатында аудандық орталық кітапханада «Жасампаздыққа толы жылдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шара тізгінін ұстаған кітапхана қызметкері Әйгерім Жанболатқызы егемендігіміздің 30 жылдығына орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бекітілген тұжырымдаманың мән-маңызына кеңінен тоқталды.
«Тәуелсіздік – еркіндігім, теңдігім» атты кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Светлана Өтемұратқызы шолу жасап, оқырмандарды жандүниені байытар кітаптармен танысуға шақырды. «Нұр Отан» партиясының Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев өз сөзінде 1991 жылдан бері еліміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз артқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының, халқымыздың даналығы мен ынтымағының арқасында қол жеткізгенімізді айтты.
Келесі сөз кезегін алған жеке кәсіпкер, тігінші Гүлсара Қайырленова ойға алған ісін нәтижелі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында алға өрлеткенін баяндады. Тағылымы мол шара С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Заря Қуанышеваның сазды әуенімен қортындыланды.
Еркеназ Қалижан