Жасалған жұмыс та, атқарылар іс те аз емес

(1 Vote)

Көптоғай ауылдық округіне қарасты 2 елді мекен бар: Көптоғай және Балықшы ауылы. 255 отбасы, 1199 адам есепте тұрған округтің әкімі Қайрат Бөлеков онлайн форматта есеп беру жиынын өткізді.

Мекеннің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерге тоқталып, алдағы атқарылар істердің жоспарымен бөлісті.
Баяндамада ауылдағы тозығы жеткен электр бағаналары мен сымдарын ауыстыру, тазалық айлығы және мал азығын дайындау кезінде қажетті КУН техникасын сатып алу, учаскелік полиция инспекторына арналған қызметтік тұрғын үй мен тірек пунктін алу қажеттігі сөз болды. Жаңадан мәдениет үйі ғимаратын салу жұмыстарын бақылауда ұстау, округ балансындағы қызметтік тұрғын үйлерді, оған қоса ескі паромды жөндеуден өткізу, балалар ойын алаңын жақсарту маңызды міндеттер қатарында екені айтылды. Сондай-ақ, орталық стадионды, зираттар мен қоқыс алаңын қоршау жұмыстарын ұйымдастыру, паром алдын жарықтандыру ісі бүгінгі күнде өзекті мәселеге айналған. Тікелей эфирде қойылған сұрақ-сауалдарға орай округ әкімі Қ.Бөлеков толыққанды жауабын берді.

Өткен жылғы тұрғындар жиынында көтерілген ұсыныс-өтініштердің орындалу барысынан хабардар еткен аудан әкімі Қайрат Нұртаев:

-  Ел бесігі – ауылды өркендету аясында бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, ауылда ойын алаңы салынып, балалардың қуанышы одан әрі еселене түсті. Ал, спорт кешенін тұрғызу – алдағы уақыт еншісінде. «Ақтоты» балабақшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді, биылғы жылдан бастап білім беру ұйымдары облыстық деңгейге көшкендіктен, енді сол саладағы жоспарлы істерді облыстық басқармамен бірлескен түрде атқарамыз. Жазғы су құбырын тарту бойынша тиісті орынға өтінім берілді, ол өтінім қанағаттандырылған жағдайда мәселенің түйіні тарқатылмақ. Көше жарығын орнату кезегімен қаржы бөлінуіне сәйкес орындалады деп күтілуде. Учаскелік полиция инспекторына арналған қызметтік тұрғын үй мен тірек пункті ағымдағы жылы сатып алынып, пайдалануға беріледі. Паромды жөндеуден өткізу де назарымыздан тыс қалмайды,-деп, округ әкіміне мал басын көбейтіп, Ресей шекарасына өтуін болдырмауға, сонымен бірге егін шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлік саласына жіті көңіл бөлуді тапсырды.  
 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521