Байда округі, Котяев ауылының тұрғындары өз жиналыстарында округі мен ауылына осы жерде тұрақтауымызға бірден-бір себепші Бөкейхан есімін таңдапты. Бұл шешімді аудан, облыс, республика оном.комиссиялары хош көрер деген үмітпен осы жырмен сүйіншіледік.
Жыға алмаған өткен заман, дауылы,
Өктемдіктің артта қалды ауыры.
Котяев пен Байда болған біраз жыл,
Бұл дегенің Бөкейханның ауылы.
Тәуелсіз ел, сана шарлар сүйікті ой,
Қайран бабам, даңқың сенің биік қой.
Бөкейханның келген болсақ ауылына,
Рухына басыңды онда иіп қой!
Саналарды жаңғыртқандай тау үні,
Ұйымшыл екен, мұндағы ел-жұрт, қауымы.
Ұлықтаған ата-баба мұрасын,
Бәрекелді, бұл Бөкейхан ауылы.
Шындығым бұл, отырғам жоқ сөз құрап,
Өткен жайдың қайтем бәрін созғылап.
Отыз жылдың өзгерісін шамала,
Бұл Бөкейдің ауылында озды бақ.
Төрт түліктен жер қайысқан даласы,
Сылдырайды Ару Қиғаш саласы.
Бөкейхан деп өз ауылын өзгерткен,
Әкім Жүсіп, Төреғали баласы.
Табан тозды, жүрсе, жүрді үгітпен,
Алғаш күннен айналысты тың іспен.
Дегеніне жетіп тынды ақыры,
Сөзін сөйлеп ауылдастар біріккен.
Айтып жүрмін, айналайын, ісіңді,
Көрсете алдың рухани күшіңді.
Адамдардың санасына нұр септің,
Кейбір жайды түсінбестер түсінді.
Сені айтуда, ұлтанды ел,ұялы,
Сендей ұлға мақтау-мадақ сыяды.
Ұлы Бөкей ауылы әлі өрге озар,
Сен аман бол, Төреғали тұяғы.
Бөкей баба, даңқың бүгін тапқан бақ,
Ат-атағың кетті шіркін, аспандап.
Ару Қиғаш, күткеніміз осы деп,
Арнасына сыймай бүгін жатқан сәт.
Емес еді уайым менен азап шет,
Соқты жүрек қазақ,қазақ,қазақ деп.
Ақ патшадан асырғанда айлаңды,
Жыйды айылын мардымсыған мазақ бет.
Ұлы Бөкей атың асқақ, жыр-аңыз,
Жоғалмайтын бойтұмардай мұрамыз.
Сенің арқаң, бабаларым – биікте,
Біз ұрпағы осы жерде тұрамыз.
Жерімізді шақтауды ойлар шатақ ұлт,
Ыдыраттың берген сәтте баса бұлт.
Сақтап қалдың осы жерді мәңгіге,
Саған разы, ұлы кие – Атажұрт!
Жыға алмаған замандардың дауылы,
Тамшылап нұр, бақыт сыйлар жауыны.
Ауызбірлік ұранына айналған,
Жаса, жаса, Бөкейханның ауылы.
Таңатар Дәрелұлы,
ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі