Жас туристермен жұмыс жүйелі

(0 Votes)

Кейінгі кезде ауданда туризм саласын дамытуда жас туристер бекетінің қосып отырған үлесі өте көп.

Өскелең ұрпақты табиғатты аялап, сүюге, оны көздің қарашығындай сақтауға көп көңіл бөлінеді. Ішкі туризмнің негізгі басым бағыттарының бірі де осы балалар-жасөспірімдер туризмінің белсенді түрлерін ұйымдастыру болып табылады.

Жас жеткіншектер мақсатқа талпынушылық пен қайсарлық, ержүректілік пен ептілік, шыдамдылық пен шымырлық сияқты жақсы қасиеттерді бойларына сіңіреді. Олардың өз халқының, елінің тарихына, мәдени құндылықтарына тиісті көңіл бөлуіне түрлі жорықтар, экспедициялар мен саяхаттар ерекше ықпал етері анық. Сонымен бірге, бекет балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға белсене атсалысып келеді.

Осы орайда ауданда жұмыс жасап келе жатқан «Жас туристер бекеті» директорының әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Индира Сұлтаняевамен мемлекеттік мекемеде жүргізілген жұмыстар, алдағы жоспарлар жайында қысқаша мәліметтер берді.

–Аудандық жас туристер бекеті басталған каникул кезінде бірқатар игі істер атқаруды жоспарлап отыр. Алдымен жас жеткіншектермен баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі турасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, мемлекеттік рәміздерді насихаттау мақсатында сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, сурет байқауы ұйымдастырылды. «Балалардың игілігі үшін» атауымен өтетін республикалық акцияның тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «Ана тілім–тірегім» челленджі, «Спорт әлемінде» жарысы өткізілді. Белсенді жеткіншектердің бір тобы Құрманғазы ауданының 95 жылдығына арналған «Туған өлке тарихы - ұрпаққа тағылым» тарихи өлкетану конференциясында бас қосты. Ломоносов, Абай атындағы, Ақкөл жалпы орта мектептері жанындағы жазғы тынығу лагеріндегі оқушыларға спорттық туризм техникалары таныстырылып, өзара жарысқа ұласты.

Алдағы уақыттарда таза ауада уақыттарын өткізуді ұнататын оқушыларды «Спорттық бағдарлау», «Лабиринт», «Туристік кедергілерден өту техникасы», «Топографиялық белгілерді анықтау», «Фрироуп туристік техника» жарыстары күтіп тұр. Сондай-ақ, ауданның қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалау, жылыжайға саяхат жасау, «Табиғат сенің–өз үйің» атты жас суретшілер байқауында жас жеткіншектерді қызықтыра түсері анық.

Жалпы бекетте «Спорттық туризм», «Өлкетану», «Экология» бағыттары бойынша 525 оқушы қамтылып отыр. Ал, жазғы уақытта түрлі үйірмелерге 195 оқушы қатысады. Мектеп оқушыларын салауатты өмір салтын ұстануға, денсаулығын жақсартуға, ептілік пен шымырлыққа үйретуге, туған өлкені танып-білуге, туризмге құштарлығын оятуға жас туристер бекеті бірқатар мақсатты істер тындырып отырғанын байқаймыз.

Жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Ең бастысы, балалардың қызығушылығы артып, бүгінде аталған жас туристер ұйымына мүше болуға талпынатын оқушылардың қатары күн санап артып келеді.

Айбек ӘНУАРҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT