Енді алтынсариндық 50-ге жуық оқушыға мектепке шақырар қоңырау соғылмайды. Осылайша, Жаңаталап ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің 57-түлектері алтын ұясымен қоштасты.
Бозбалалар мен бойжеткендерді алда Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру мен жоғары оқу орнын таңдау міндеті тұр. - Білім сынағын 29 оқушы тапсырмақ ниетте. Мейрамгүл Зұлпыхар "Алтын белгіге", Дидар Қуанышев пен Арайлым Қасымбекова "Үздік аттестатқа" үміткер. Бітіруші түлектерге артар сеніміміз мол,-дейді мектеп директоры Алтын Каменова.
25-мамырда еліміздің әр түкпіріндегі мектептердің есігі үш айға жабылып, 11-сыныптардың оқушылары үлкен өмірге жаңа қадам басады. 2021-2022 оқу жылын 657 оқушы сәтті қорытындылап, білім сапасы 50% көрсеткішке ие болды. Соңғы қоңырау салтанатты шарасына аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызы, облыстық Білім беру басқармасының таланттарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері Нұрбибі Қонысқызы, білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Тоты Бақтыгереева, округ әкімінің міндетін атқарушы Меңсұлу Ұлыбекқызы арнайы қатысты. Барлық меймандар жиында сөз сөйлеп, республикалық, облыстық сайыста алдыңғы орыннан көрініп, аудан атын асқақтатып жүрген бұл білім ордасымен мақтанарын айтып, мектеп бітірушілерге сәтті сапар тілеп, түрлі номинациядағы алғыс хат пен мадақтама қағазын табыстады.
Одан әрі салтанатты рәсім дәстүрге сай, әуелі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұран орындаудан бастау алды. 11-сынып оқушылары ұстаздарымен бірге шақырылып, озат оқушылардың жетістіктері баса айтылды. Кейін, ту қабылдау кезеңіне өтіп, оны қабыл алу құрметі 10 сыныптың үздік оқушылары Мағжан Шұғайып және Республикалық пәндік олимпиаданың "Алтын белгі" иегерлері Гүлнұр Днібекқызы мен Әсем Серіковаға ұсынылды. Ал, мектеп қабырғасындағы соңғы қоңырауды Әл-Фараби Қайредени мен Үздік Дәуренқызы соқты.
Шара әсем ән мен биге ұласып, 57-түлектер мектеп вальсын билеп, "Бір үйдің баласындай" хорымен аяқтады.
Бұл күнді оқушылар жазғы демалысқа шығу үшін қуана күтсе, түлектер олар үшін қоңырау сыңғырламайтынын, мектеп партасына қайтып отырмайтынын білсе де, соның бәрін көкірегінің бір түкпіріне түйілген сырлы сағынышқа айналдырып кете бармақ. Жолың болсын, жас түлек!
Жайдарлым Еркебұланқызы