Аудан әкімдігі кіші мәжіліс залында жас та болса туған еліміздің мерейін көтеріп, көк байрағымызды желбіретіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген балғын спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, құрмет көрсетті.
Шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев құттықтап:
– Қазіргі кезде ауданымыздың спорт саласы жақсы дамуда. Соңғы жылдары спортшыларымыз әрүрлі байқауларда бақ сынап, жеңістерге жетіп жүр. Еліміздің ертеңі жасөспірімдеріміз байрақты бәсекелерде мемлекетіміздің Әнұранын шырқатып, көк туын желбірете берсін деген тілектеміз. Бүгін аудан әкімінің атынан жеңімпаз спортшыларымыз бен олардың жаттықтырушыларына ризашылығымызды білдіреміз, – деп, алдағы күндерде де жеңісті күндеріңіз көп болсын деген ізгі ниетін жеткізіп, жас спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына Алғыс хаттар табыс етті.
Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев қабылдау өткізіп жатқан аудан әкімдігіне алғысын айтып, халықаралық сайыстарға қатысқалы отырған жас спортшыларға сәттілік, оларды осындай жетістіктерге жеткізген жаттықтырушыларына жемісті еңбек тіледі. Марапатталғандар қатарында Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, әлем чемпионатына жолдама алған, Австрия еліндегі Инсбург қаласында таеквондодан өткен AUSTRAIAN OPEN-2023 халықаралық турнирінде 44 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған Абай орта мектебінің оқушысы Нұрайлым Бақытжанқызы, дойбыдан еліміздің чемпионатында жеңімпаз атанып, Түркия елінде өтетін Азия чемпионатына жолдама алған Б.Бегалиев орта мектебінің оқушысы Амира Есенғұл, Беларус елінде еркін күрестен 29,57,48 келі салмақ дәрежелерінде жеңіске жеткен Ақкөл, Ломоносов орта мектебінің оқушылары Дастан Сүлейменов, Иса Ермұрат, Асылан Ғалымжанов, Астана қаласында болған ASIA OPEN турнирінде грэпплинг күресінен 50 және 42 келі салмақта жеңімпаз атанып және жүлделі ІІ орынды иеленген Ақкөл орта мектебінің оқушылары Әли Жамалиден, Дастан Ерсайынов және Құрманғазы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің таеквондо, еркін күрестен жаттықтырушылары Руслан Аманғалиев, Ғаділжан Өтепов, Б.Бегалиев орта мектебінің дене пәні мұғалімі Бекжан Қабиев, Ақкөл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің грэпплинг күресінің жаттықтырушысы Айбар Ермұханов бар. Қабылдауға аталған балалардың ата-аналары да қатысты.
Қанат ҒҰМАРОВ