Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Талғат Исаев ювеналды полиция тобының жұмысы бойынша хабарлама жасап, аудан көлеміндегі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алу, олардың заңға мойынұсынушылық мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында өткізілген түнгі рейдтік шараларға, мектептердегі кездесулерге тоқталды.
– Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде аудан көлемінде кәмелетке толмағандармен жасалған 7 ұрлық қылмысы тіркелді. Олар аудан орталығындағы «Мерей» сауда үйіндегі киім, велосипед, Ақкөл ауылында азық-түлік дүкені және автобөлшектер ұрлығы. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 4-і мектеп оқушылары, 2-еуі колледж студенттері. Өткен жылы осы мерзімде 4 қылмыс болған. Жасөспірімдермен қылмыс жасау фактілері күрт өсуіне байланысты өзіміздің тарапымыздан профилактикалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен осы есепті мерзімде барлығы 292 құқық бұзушылықтар анықталды. Соның ішінен 18 кәмелетке толмаған жасөспірім және 7 ата-ана қолайсыз отбасы ретінде профилактикалық есепке алынды. Сонымен қатар, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішіп немесе мас күйінде жүрген, яғни, ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабының 2 бөлігімен 2 факті анықталды, - деген Талғат Исаев аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға 12 іс-құжаттар жолданып, 2 ата-анаға қатысты құқығын шектеу іс-құжаттары сотқа жіберіліп, қанағаттандырылғанын жеткізді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Өтемісқызы: – Ең алдымен балаға тәрбие берілуі керек. Оның негізгі бастауы – отбасы. Отбасы құндылығы, ондағы дұрыс тәрбие баланың тұлға болып қалыптасуы, мектепте берілген білімді жақсы игеруі үшін маңызды. Әйтпесе, қазіргі жағдайды талдайтын болсақ, облыс, аудан көлеміндегі жасөспірімдермен жасалған құқық бұзушылыққа ата-ананың өзінің ұрпағына немқұрайлы қарауы себеп болып отыр, - деп бұл негізгі қателіктердің бірі екеніне тоқталып, қатысушыларды оған мән беруге шақырды.