Жасөспірім құқық бұзуға неге бейім?

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті.

Облыстық білім басқармасы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Карима Бөкенова ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн байланысқа шығып, мәжіліске қатысты. Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар» туралы АПБ ЖПҚб-нің бастығы Т.Исаевтың хабарламасы тыңдалды.

– Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі ойын-сауық мекемесінде болуына тыйым салу, оларға алкогольдік, темекі өнімдерін сату туралы заңнамалық актілердің талаптарын орындау, бақылау бойынша рейдтер ұйымдастырылып өз жалғасын табуда. Есепті мерзім ішінде аудан бойынша 2 жасөспіріммен 2 құқық бұзушылық тіркеліп, аудандық полиция бөлімінің есебіне алынды.

Үстіміздегі жылдың 9 айында түрлі себептермен 2 жасөспірім және 2 қолайсыз отбасы есепке алынды, - деген хабарламашы кәмелетке толмағандардың тәртібін қадағалайтын инспекторларда қызметтік көліктің жоқтығы, аудандағы 33 мектепке тек 13 инспектор ғана бөлінгені, яғни олардың санын арттыру жөнінде проблемалық мәселелерін ортаға салды.

Комиссия мәжілісінде күн тәртібіне сай өзге де мәселелер қаралып, заңдылыққа сай шешімдер алынды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі комиссия материалдарына пікірін білдірді.

Аталмыш тақырыпқа орай атқарылған жұмыстарды аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева баяндады. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жүргізілген сауалнама қорытындысын, рейд жұмыстарын жүргізу, ата-аналар, жайсыз отбасылар, аудандық полиция бөлімінде есепте тұрған оқушы туралы мәліметін қаперге берді. Комиссия мүшесі Ұ.Сапарова қашықтан оқыту кезінде балалардың сабаққа қатысы бағытында орын алған олқылықтар жөнінде сұрады.

Келесі кезекте Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі бойынша жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда атқарылған жұмыстардан колледж директоры Б.Өтегенов хабарадар етті.

 

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521