С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде жыл қорытындысы бойынша «Жас дарын -2022» салтанатты марапаттау шарасы өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова қатысып, жетістікке жеткен жастарды құттықтады.
– Бүгінгі күннің белсенді де жалынды жастары бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Елге қызмет етіп отырған жас буын шығармашылыққа бейім, еркін ойлы, креативті әрі зиялы болғаны жөн. Аталған ізгі қасиеттер егемен елінің ертеңін, мерейлі мемлекетінің мүддесін ойлаған әр жастың бойынан табылуы қажет. Бұл – бүгінгі заманның талабы. Өзінің таңдаған саласында талмай еңбек етіп, жарқырап көрініп жүрген жастарымыз баршылық. Алдағы уақытта да жемісті қызмет етіп, белсенді азаматтық ұстаныммен ортақ мақсатты жүзеге асыруға үлес қоса беріңіздер, - деген Гүлнар Әдебиетқызы жылдың үздігі атанған бір топ дарынды жастарды марапаттады.
Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу мақсатында оздырылған байқауда «Жыл үздігі» сыйлығы 12 аталым бойынша табысталды. Атап айтсақ, Жазира Еділбаева «Үздік жас дәрігер», Ренат Мұқашев «Үздік жас полиция қызметкері», Мақсат Қайырбеков «Жастық жігері үшін», Еркеназ Қалижан «Үздік жас журналист», Саягүл Бақтыгереева «Үздік жас ерікті», Азамат Абдуллаев «Жыл жаңалығы-2022», Азиза Ғайнеденова «Үздік жас мемлекеттік қызметші», Нұртілек Батуов «Үздік жас ұстаз», Болат Әділет «Үздік жас спортшы», Айжанар Ғапуова «Үздік жас мәдениет қызметкері», Марида Құрманғазиева «Үздік жас көшбасшы», Нұрлыбек Жағыпаров «Үздік өрт сөндіруші» аталымына ие болды.
Кеште Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі директорының міндетін атқарушы Күнайым Сәрсенова, аудандық мәслихат депутаты Талғат Жұмалиев құттықтау сөз сөйлеп, марапаттар легін жалғастырды. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Қазиханов жыл бойы атқарылған жұмыстарынан хабардар етіп, бір топ жасты өзінің алғыс хатымен ұлығылады. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің әзірлеген концерттік бағдарламасы тамашаланды.
Айнагүл Күнұзаққызы